Қызылордада жатаған у кекіреге қарсы 100 гектарға жуық жер өңделеді

Фото: Фото: АШМ агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті Қызылорда облыстық аумақтық инспекциясы

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Мамыр айының соңына қарай Қызылорда облысында карантиндік зиянкестерге қарсы химиялық өңдеу жұмысы басталады.

Оның ішінде жатаған у кекіреге қарсы 97,5 гектар, қауын шыбынына қарсы 1750 гектар, калифорниялық қалқанша сымырына қарсы 34,5 гектар, арамсояуға қарсы 427,87 гектар жерді өңдеу жоспарланып отыр.

– Өңірде карантиндік зиянкестерден калифорниялық қалқанша сымыры мен қауын шыбыны, карантиндік арамшөптің ішінде кекіре мен сарышырмауық кең таралған. Өткен жылы жатаған у кекіреге қарсы 137,5 гектар, қауын шыбынына қарсы 1750 гектар жерге республикалық бюджет қаражаты есебінен химиялық өңдеу жұмысы жүргізілді. Калифорниялық қалқанша сымырына қарсы 43,5 гектар және арамсояуға қарсы 427,87 гектар жер залалсыздандырылды, – деді АШМ агроөнеркәсіптік кешендегі мемлекеттік инспекция комитеті Қызылорда облыстық аумақтық инспекциясының басшысы Мұхтар Оразбаев.

Биыл шегірткенің ерекше қауіпті түрлері – италиялық прус пен азиялық шегіртке қарсы 60,024 мың гектар, ал саяқ шегіртке бойынша 55 394 гектар жер өңделеді. 

Облыста кенеге қарсы дезинфекция жұмысының алғашқы кезеңі 9-21 сәуір аралығына, екінші кезеңі 18-30 сәуір аралығына жоспарланған.