Олардың қатарында тігін кәсібін меңгеріп жүргендер де бар.
— «Dalatex» тігін цехында 20-ға жуық жазасын өтеуші еңбек етеді. Мұнда арнайы киімдер тігіліп, өндірістік жұмыс атқарылады. Жазасын өтеушілер жұмыс барысында тігін тігуді, киім бөлшектерін өңдеуді және дайын өнімге қажетті жұмысты орындауды үйренеді, — делінген департамент хабарламасында.
Жаза басқандарды еңбекпен қамту — олардың түзелуіне және қоғамға қайта бейімделуіне бағытталған маңызды қадам. Солардың бірі мекемеге келгеннен кейін тігін ісіне қызығушылық танытып, күрделі іске ден қойған.
— Дайын киімдердің түймелерін қадаймын, кейде тігін тігемін. Бұл жұмысты осында келіп үйрендім. Тігін тігу кезінде ойың бөлініп, жұмысқа көңіл қоясың. Ер азамат болсам да бұл кәсіпті меңгеру маған қиын болған жоқ. Қазір тігін ісіне қызығушылығым артып келеді. Мен абайсызда жол-көлік оқиғасын жасап, сотталдым. Отбасым бар. Жалақымды отбасыма жіберіп тұрамын. Бостандыққа шыққан соң да тігін ісін жалғастырғым келеді. Сондықтан қазірден бастап бұл кәсіпті әбден меңгеруге тырысып жүрмін, — деді ол.
Еске салайық, елімізде қылмыс жасап, сотталған 30 мыңнан астам азамат абақтыда жазасын өтеп жатыр.