Қызылордада жеке балабақшалар мен мектептерге бақылау күшейтілетін болады

Фото: Айзада Ағылбаева/Kazinform

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда облысы бойынша мектепке дейінгі 676 ұйымда 50 мыңнан астам бала тәрбиеленіп жатыр. Облыстық білім басқармасы жоспарлы мониторинг қорытындысын жариялады.

Басқарма басшысы Асқарбек Есжановтың айтуынша, 464 жеке балабақшаның небәрі 75-і типтік жобадағы, ал қалғаны жеке және жалдамалы ғимараттарда, оның ішінде ыңғайластырылған коттедж, жеке тұрғын үй, ескі сауна және тағы басқасында орналасқан. Соңғы кезде жекеменшік балабақшалардағы қызмет сапасына қатысты шағым көбейді.

— Шиелі ауданында «Раяна» балабақшасы тәрбиеленушісінің бірнеше жерден тістелуі, «Сыр болашағы» балабақшасында бүлдіршіннің ыстық суға күйіп қалуы, «Күнім-ай» балабақшасының жеке көлікпен балаларды балабақшаға тасымалдауы салдарынан жол-көлік оқиғасы болып, 2 баланың ауыр халде жансақтау бөліміне түсуі қоғамдық резонанс тудырды. Жеке балабақшалардың көпшілігі әлі күнге бала тасымалдауда талапты сақтамайды. Өткен жылдары баланың тамақтан улану дерегі, оқу жылының басында Қызылорда қаласындағы «Нұр әлемі», «Сыр бесігі» балабақшаларында бала ұру, Қызылорда қаласындағы «Жас ұрпақ» инклюзивті балабақшасында баланы керуеттен құлату деректері анықталды. Осындай оқиғалардан-ақ кейбір жеке балабақшалардың балалардың қауіпсіздігі мен өміріне немқұрайлы қарайтынын көруге болады. Ал біздің қоғам мұндай жағдайларда үнсіз қалады немесе жергілікті атқарушы органды кінәлап шығады, — деді Асқарбек Есжанов.

Фото: Қызылорда облысы ӨКҚ

Мониторинг барысында анықталған басқа да кемшілік жетіп жатыр. Орын тапшылығы, асхананың талапқа сай еместігі, азық-түлік, дәрі-дәрмек қорының жетіспеуі, санитарлық талаптың сақталмауы, тағысын тағы.

Екі жыл бұрын барлық балабақшада Face-ID мобильді қосымшасы пайда болды. Басқарма басшысы осы арқылы 2023-2025 жылдары жеке балабақша иелері «ұрлап келген» 14 млрд теңге қаржы үнемделгенін атап өтті. Осы күні еңбекке жарамсыздық парағын базадан көруге мүмкіндік туды. Соның арқасында жалған анықтама жасаушылардың жолы кесілді.

— Кемшіліктер анықталған, оны қалпына келтірмеген немесе қалпына келтіргені жөнінде мәлімет ұсынбаған Қызылорда қаласында 44, Жаңақорған ауданында 24, Шиелі ауданы бойынша 26 ұйым мемлекеттік тапсырыс алушылар тізбесінен шығарылды. Осыдан 5 жыл бұрын балабақшаларға мемлекеттік тапсырыс көлемі орташа есеппен 24 240 теңге болса, 2025 жылы 73 мың теңгеге дейін, яғни 3 есе өсті. Қаржыландыру көлемі ұлғайғанымен балабақшалардың жай-күйі өзгерген жоқ, жауапкершілік артқан жоқ. Мемлекеттен қажетті қаржылық қолдауды алады, оған қоса ата-ана төлемақысын алады. Ал балаларға барынша жағдай жасауға келгенде құлықсыз. Мұндай пысықайларға көз жұмып қарай алмайтынымызды қатаң түрде ескертеміз, — деді басқарма басшысы.

Асқарбек Есжанов атап өткендей, кейбір жеке балабақшалар жалақыны әлі күнге қолма-қол береді. Сондықтан бекітілген қаржыдан кем төленетін жағдайлар кездеседі. Қызметкер айтайын десе, «жеп отырған наным ғой» деп тілін тістеуге мәжбүр. 

— Жеке балабақша құрылтайшыларына осы үшін заңға сәйкес жауапкершілік көзделгенін ескерткім келеді. Бұдан бөлек, жақында ғана бір топ ата-ана облыс әкімдігіне келіп, жеке балабақшалардың ата-аналар төлемін арттырып жатқанына шағымданды. Мұндай заңбұзушылыққа барған балабақшалар мемлекеттік тапсырыстан қағылады, — деді ол.

Фото: Қызылорда облысы ӨКҚ

Өңірде жеке мектептердің де жайы мәз емес. 39 жеке мектепте 15 мыңнан астам бала оқып жүр.

— Оның 29-ы немесе 74,3%-да педагогтердің сапалық құрамы лицензия талаптарына сәйкес келмейді. Біршама уақыт бұрын «жеке мектептердегі мұғалімдер жалақысын ала алмай жүр, білім басқармасы ақшаны аудармай отыр» деген еш шындыққа жанаспайтын мәлімет тарады. Жеке мектептерді қаржыландыру биылдан бастап жергілікті әкімдіктерге жүктелді. Біз өз міндеттемізді толық орындап, қаңтар, ақпан, наурыз, сәуір, мамыр айларына жоспарланған 8,2 млрд теңге қаржыны бірыңғай оператор — Қаржы орталығына толық аудардық. Қаржыны уақытылы ала алмаған жағдайда «мұғалім мен оқушы осы облыстікі ғой, неге шешпейсіздер» деп ұрандататын кейбір кәсіпкерлер сол оқушыларға жасалып жатқан жағдайды тексерерде «жұмысымызға кедергі келтірді» деп шу шығарады, — деді облыстық білім басқармасының басшысы.

Бақылау босаңсып кетіп еді, жаға ұстатарлық жағдайлар жиіледі. Биыл 27 ақпанда «Бәйтерек school» жеке мектебінде балалар уланды. 3 мамыр күні Р.Әлиарыстанұлы атындағы жеке мектеп оқушысы суға кетіп, қаза болды. 

Жекеменшік мектептердің барлығы қала, кенттерде.

— Оқушы тарту үшін Жаңақорған және Шиелі аудандарындағы мектеп құрылтайшылары шалғайдағы ауылдардан бала тасымалдауды жолға қойған. Бұл аудандардағы елді мекендердің басым бөлігі республикалық маңызы бар үлкен трасса бойында орналасқан. Ал оларды тасымалданатын балалардың жол қауіпсіздігі мәселесі мүлдем мазаламайды. Мақсаты — тек пайда табу. Ертеңгі күні осындай тасымал кесірінен оқыс оқиға болса, қоғам айналып келіп білім басқармасын кінәлайды. Біз орталық атқарушы органдарға осы және басқа да мәселелер бойынша ұсыныстар әзірледік. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмысты күшейтеміз. Біздің басты мақсатымыз — балалардың өмірі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Сапалы білім, саналы тәрбие беру, — деді Асқарбек Есжанов.