Қызылордада жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 15 бала үй кезегіне қойылмаған

Фото: freepik

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда облыстық прокуратурасы жетім жəне ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тұрғын үймен қамтамасыз ету заңдылығына талдау жүргізді. Бұл туралы аталған ведомстводан хабарлады.

Нәтижесінде тұрғын үйді табыстау және кезектілікке қою барысында балалардың құқығы бұзылғаны анықталды.

– Тұрғын үй қатынастары туралы заңның 71-бабына сәйкес жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың заңды өкілдері 3 ай ішінде баланы тұрғын үй алу үшін жергілікті атқарушы органда есепке қоюға міндетті. Алайда, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 102 бала тұрғын үй кезегіне 3 айдан кешігіп қойылса, 15-і мүлдем қойылмаған. Сонымен қатар комиссияның оң шешім қабылдағанына қарамастан 37 баламен тұрғын үйді жалдау шарты жасалмаған, – делінген хабарламада.

Прокурорлық қадағалау актісінің негізінде жетім жəне ата-анасының қамқорлығынсыз қалған 41 бала тұрғын үймен қамтамасыз етілді. Олар түгел кезектілікке қойылды. Кінәлі тұлғалар тәртіптік жауаптылыққа тартылды.

Бұған дейін біз облыстық прокуратура «Дарын» облыстық қосымша білім беру орталығының бас есепшісі іссапар мен жалақыға көзделген 50 млн теңге бюджет қаражатын өзінің жеке есепшотына заңсыз аударып алғаны анықтағанын жазғанбыз.