Қызылордада жыл басынан бері 118 интернет алаяқтық дерегі тіркелді

Фото: Фото: Kazinform

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM - Жыл басынан бері Қызылорда облысында интернет-алаяқтықтың 118 дерегі бойынша қылмыстық іс тіркелді. 

Олар бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп, 41 қылмыстық іске қатысты түпкілікті шешім қабылданды. Бұл — барлық істің 38%-ы. 

Облыста интернет алаяқтық қылмыстарын ашу мақсатында киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы жұмыс істейді. Ол арнайы ақпараттық техникалармен жабдықталған.

— Ішкі істер органдарына бақылау жасау құзыреті берілмеген. Қылмыстық құқық бұзу деректері бойынша арыз-шағым болған жағдайда қылмыстық іс тіркеліп, заң жүзінде тиісті шешім қабылданады, — дейді облыстық полиция департаменті киберпол басқармасының бастығы, полиция майоры Бағдат Тілеуімбетов.

Полицейлер өңірде интернет алаяқтықтың белгілі бір түрлері жиілегенін айтып дабыл қағып отыр. 

Бірінші топ ұялы байланыс операторы ретінде таныстырып, сим картаңыздың жарамдылық мерзімінің өткенін ескертіп, мерзімін ұзарту үшін ұялы телефонға жіберліген кодты сұрап алып, жеке деректерге қол жеткізеді. 

Екінші топ өздерін банк қызметкері ретінде таныстырып, атыңыздан несие алып жатқанына немесе онлайн-банкті бұзып жатқанына сендіріп, ақшаны арнайы шотқа салуды талап етеді. 

Үшіншісі түрлі әлеуметтік желілер мен мессенджерлер акцияға инвестиция салудан жылдам түсетін кірісті жарнамалайды. 

Тағы бір топ Whatsapp әлеуметтік желісі арқылы жақын таныстарыңыздың фотосуреттерін пайдалану арқылы қарызға ақша сұрайды.

Сондай-ақ осы қосымшада пайыздық мөлшермен үстемақыны көбейту секілді смс хабарламаларға алданып, көрсетілген есеп-шоттарға ақша аудару, инстаграм, ОЛХ желілері арқылы тұрмыстық заттарды сату-жеткізу парақшаларын ашып, алдын ала ақшасын тиісті есепшотқа аударту, kolesa.kz, krisha.kz сияқты жарнамалық сайттарға жалған жарнамалар орналастырып ақша қаражаттарын аудартып алу жағдайлары жиілеген.

— Қазақстанның байланыс операторлары алаяқтық мақсатпен шет елден қоңырау шалатын нөмірлерді бұғаттайды. Осы уақытқа дейін 50 млн-нан астам қоңырау бұғатталған, — дейді полиция өкілі. 

Бұған дейін біз БҚО-да интернет-алаяқтық қылмысы 27,7 пайызға өскенін жазғанбыз.