Қызылордада жол ережесін өрескел бұзудың 1300-ден астам дерегі тіркелді

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда облысында жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жолаушы тасымалы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында бес күн бойы өткен «Автобус» жедел профилактикалық іс-шарасы аяқталды.

Фото: Арал аудандық полиция бөлімі

Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлағандай, іс-шара барысында жол қозғалысы қауіпсіздігі бойынша 1319 өрескел құқықбұзушылық анықталды.

— Оның ішінде қоғамдық орындарда такси қызметі бойынша мазалап тиісудің 124, тиiстi тiркеусiз, рұқсатсыз немесе хабарлама жібермей кәсіпкерлік немесе өзге де қызметпен айналысудың 12, жолаушы тасымалдау қағидаларын бұзудың 86, заңсыз қайта жабдықтаудың 33 дерегі тіркелді. 82 жүргізуші міндетті техникалық қарап-тексеруден өтпеген, 451 жағдайда жолаушы мен жүк тасымалдау, қауіпсіздік белдіктерін пайдалану жөніндегі талаптарды сақтамаған. 13 жүргізуші көлік құралын мас күйінде басқарған. Көлік басқару құқығынан айырылған, сондай-ақ тиісті санаты жоқ 1 лауазым иесі руль тізгіндегені үшін әкімшілік жауаптылыққа тартылды, — делінген хабарламада. 

Полиция автобус жүргізушілерін әркез тәртіпке бағынуды шақырды.

Айта кетейік, республикалық іс-шара нәтижесінде елімізде жол жүрісі қағидаларын бұзудың 22 мыңнан астам дерегі анықталды.