Қызылордада ЖРВИ жұқтырғандар көбейді: дүрлігуге негіз бар ма?
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылордада эпидемиологиялық маусым басталған 1 қазаннан бері жедел респираторлы вирусты инфекцияның (ЖРВИ) 16 786 жағдайы тіркелді. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен шамалас.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметіне сүйенсек, науқастардың 63,1%-ы – балалар. Ауруға шалдыққандардың 5 %-ы ауруханаға жатқызылған. Халықты статистикадан бұрын аурудың сипатын өзгерткені қатты алаңдатып отыр.
- А типті (H3N2) тұмау немесе Гонконг тұмауы — жаңа вирус емес, маусымдық тұмаудың жыл сайын қайталанатын әрі бұрыннан белгілі түрі. Дегенмен, ол халықтың әлсіз топтары үшін қауіпті. Адамдар арасында тез таралуымен, аурудың ауыр ағымда өтуімен ерекшеленеді. Бастапқы медициналық-санитариялық көмек көрсету ұйымдарында 124 сүзгі кабинеті, ішек инфекциясының алдын алу үшін 52 ПОР кабинеті, білім беру ұйымдарында термометрия, ЖРВИ белгілері бар оқушыларды оқшаулау қолға алынды. Емханалардағы мобильді бригада қызметі түнгі сағат 12-ге дейін ұзартылып, жедел медициналық жәрдем бригадаларының саны 75-тен 81-ге көбейді. 200 төсекке арналған қайта жаңғыртудан өткен облыстық жұқпалы аурулар ауруханасы қосымша 100 төсек-орынға кеңейтілді. Ал көпбейінді облыстық балалар ауруханасында жоспарлы емге қабылдайтын бөлімшелер жұмысы уақытша тоқтатылып, пульмонология бөлімшесі 80 төсекке ұлғайды. Қажетті қорғаныш құралдары мен дәрілік препараттар қоры жеткілікті, - деді басқарма басшысының орынбасары Мая Мырзанова.
Эпидмаусымда жедел жәрдем телефонына тыным жоқ. Облыстық жедел жәрдем стансасы бас дәрігерінің орынбасары Ғалия Нұрсейітованың айтуынша, 10 қараша күні 103 желісіне 2591 қоңырау түскен, соның 55,2%-ы «бала ауырып қалды» деп қоңырау шалған. 439 науқас ауруханаға жеткізілсе, соның 60%-ы жатып ем ала бастады. Мамандар осы орайда халықты дүрбелеңге түспеуге, гигиеналық талаптарды қатаң сақтап, дәрігер кеңесін орындауға, аурудың алғашқы белгілері байқалған жағдайда уақытылы медициналық көмекке жүгінуге шақырды.
Облыстық жұқпалы аурулар ауруханасында осы күні емделіп жатқандардың 66,8%-ы — ЖРВИ жұқтырғандар. Жүктеменің көбеюінен қабылдау бөлімінің өзінде 3 бригада тәулік бойы жұмыс істеуге көшті.
- Вирусқа қарсы осельтамивир қоры, капсула, бірреттік медициналық маска, симптоматикалық, дезинтоксикациялық, антибактериалды дәрілік препараттар қоры жеткілікті,- деді аурухана бас дәрігерінің орынбасары Шарипа Әлиева.
Бұған дейін біз жаңа эпидмаусымда жалпы облыс тұрғындарының 9,9%-ы иммундаудан өткенін жазғанбыз.