Қызылордада жұмысшыларға 24,3 млн теңге жалақы қарызы төленді
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Биыл 7 айда Қызылорда облысында мемлекеттік еңбек инспекторлары 3 кәсіпорынның 153 адамға 24,3 млн теңге жалақы қарызы барын анықтады.
Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитеті Қызылорда облысы бойынша департаментінің мәліметіне сүйенсек, ол толық төленіп, жұмыс берушілерге 511,1 мың теңге әкімшілік айыппұл салынды.
– Бір ғана «Progress City Stroy» кәсіпорнында 3 жұмысшы жалпы сомасы 2,3 млн теңге көлеміндегі жалақысын ала алмай келген. Мемлекеттік еңбек инспекторы жоспардан тыс тексеру жүргізіп, серіктестікке әкімшілік айыппұл салып, өндірді. Нұсқаманың орындалмауына байланысты қалалық мамандандырылған әкімшілік сот қаулысымен әкімшілік кодекстің 462-бабының 3-тармағына сәйкес 516 мың теңгеден астам айыппұл салынды, - деді департамент басшысы Бектемір Жұмағұлов.
А.Кнауц есімді жұмысшы да қордаланған жалақы берешегін даулап, қалалық сотқа талап арыз берген. Сот тәртібімен оны өндіру жұмысы жүріп жатыр.
Бұған дейін Ақмола облысында жұмыскерлерге 178 млн теңге көлемінде жалақы төленді.