Қызылордадағы № 4 емхана ғимараты қашан жаңарады

Фото: Тасбөгет әкімдігі

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда қаласы Тасбөгет кентінің тұрғындары кенттегі № 4 қалалық емхананың тозығы жеткенін көптен бері айтып жүр.

Гүлсәнім Аукенова Тасбөгет кентіне қарасты Сабалақ саяжайында тұрады. Басы ауырып, балтыры сыздағанда осы емдеу ұйымына қаралып, ем қабылдайды. Оның айтуынша, тұрғындарды ғимараттың стандартқа сай келмейтіні және дәрігерлердің жетіспеушілігі мазалайды.

— Бұл — тозығы жеткен бұрынғы пошта ғимараты. Жаңа ғимарат салу туралы ұсыныс талай жыл бұрын көтерілген. Бірақ әлі сең қозғалған жоқ. Мұны енді емхана басшылығының кінәсі дей алмаймыз. Медицина қызметкерлері халыққа қал-қадірінше қызмет көрсетіп келеді, — деді ол.

Халық саны 30 мыңнан асатын елді мекен үшін талапқа сай денсаулық сақтау нысаны ауадай қажет. Қала әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, емхана аумақтық мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің 2001 жылғы бұйрығы негізінде бұрын байланыс орталығы болған ғимаратта орналасқан. Ол кезде тұрғындар саны 21 мыңның шамасында екен. Емхана аусымына 350 адам қабылдауға арналса, бүгінде күнделікті 400 науқас қабылдайды. Ғимарат негізінен 1984 жылы пошталық қызмет көрсетуге арнап салынған. Дәліздері мен кабинеттері өте тар. 2006 жылы күрделі жөндеуден өткізілгенімен құрылыс нормалары мен талаптарына сәйкес келмейді, яғни типтік емес.

Осыған байланысты біз облыстық денсаулық сақтау басқармасына сұрау салғанбыз. 

— № 4 емхананы сенімгерлік басқаруға беру мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Егер сенімгерлік басқаруға берілсе, жаңадан ғимарат алуы мүмкін. Олай болмаған жағдайда да басқа денсаулық сақтау нысандары сияқты бұл емхананың да мәселесі шешіледі, — деді басқарма басшысының орынбасары Жаңыл Әбубәкірова.

Ол аймақтағы апатты жағдайдағы нысандар түгел дерлік жаңаланғанын, типтік емес мұндай нысандарға қатысты мәселе басқарма басшылығының қаперінде екенін атап өтті.

Бұған дейін біз Қызылорда облысында апатты жағдайдағы және тозығы жеткен ғимараттарды жаңарту жұмысы қарқынды түрде жүргізіліп жатқанын жазған едік.