Қызылордадағы әлеуметтік нысандар мүгедектігі бар жандар үшін ыңғайлы ма

Фото: Pexels

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда облысында мүмкіндігі шектеулі жандардың саны 34 мыңнан жоғары. Өткен жылы оларды оңалту бағдарламасын орындауға бюджеттен 7,9 млрд теңге бөлінді.

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметінше, 36 779 адам техникалық оңалту құралдарымен, қызметпен қамтылды.

— 2023-2027 жылдары 1 830 әлеуметтік инфрақұрылым объектісін кембағал жандарға бейімдеу жоспарланған. Былтыр мәдениет, денсаулық сақтау, білім беру, транспорт, жеке сектор, әлеуметтік және спорт салалары бойынша 360 объектіде жұмыс жүргізілді. Өңірде 67 автокөлік инватакси қызметімен айналысады. Оның 12-сі кресло-арбамен жүретіндерге ыңғайлы. 268,9 млн теңге бюджет қаржысы есебінен 2 мыңға жуық адам инватакси қызметін пайдаланды, — делінген хабарламада.

2024 жылы Қызылорда және Байқоңыр қалаларына, өткен жылы облыстық мүгедектер қоғамына осындай көліктер сыйға тартылды.

2024 жылдан бері мүгедектігі бар барлық санаттағы адамдарға Республика күніне орай 3 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде бір реттік әлеуметтік көмек беріліп келе жатыр.

Айта кетейік, басқарма 2023-2025 жылдары Қызылорда облысында субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастырған 5111 мекеме мен ұйымдарға мониторинг жүргізіп, нәтижесін жариялады.