Қызылордадағы қандай тарихи нысандар ЮНЕСКО тізіміне енуі мүмкін

Фото: kazakhstan.travel

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда облысында 459 тарихи-мәдени мұра нысаны мемлекет қорғауына алынған.

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының мәліметінше, оның 31-і — республикалық, 398-і — жергілікті маңызы бар ескерткіштер. Ал 30 ескерткіш алдын ала есепке алынған тарихи-мәдени мұра нысандарының қатарында.

Фото: Өңірлік коммуникация қызметі

— Жыл сайын облыстық бюджет есебінен 3 ескерткішке археологиялық қазба жұмысы кешенді түрде жүргізіледі. Биыл мұндай жұмыс ежелгі Бәбіш мола және ортағасырлық Жанкент, Сығанақ қалашықтарын қамтыды. Республикалық бюджет есебінен Құттыбай кесенесінде, Ақтас мешітінде, Сығанақ, Жанкент қалашықтарында ғылыми-реставрациялық жұмыс жүргізілді. Келесі жылы республикалық бюджет есебінен мұндай іс-шаралар Сығанақ, Жанкент қалашықтарында, Бақатам кесенесінде атқарылады деп жоспарланып отыр, — деді басқарма басшысы Жанмұрат Сейілов.

Сондай-ақ Қызылорда қаласындағы 7 ескерткіштің қорғау аймағының жобасы дайындалды. Оған облыстық бюджеттен қаражат бөлінді. «Жібек жолы: Ферғана-Сырдария дәлізі» номинациясы бойынша облыстағы үш нысан ЮНЕСКО-ның негізгі тізіміне енуі мүмкін. Олар — Сығанақ, Жанкент қалашықтары мен Жетіасар мәдениеті ескерткіштері. 

Айта кетейік, Мемлекет басшысының Ұлттық құрылтайдың ІІІ отырысында берген тапсырмасына сәйкес Маңғыстау облысындағы Үстірт жазығын және Маңғыстаудың жерасты мешіттерін ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енгізу жұмысы кезең-кезеңімен жүргізіліп жатыр.