Қызылордадағы кәріз суы жиналатын станция тұрғын үйлерге тым жақын орналасқан

Фото: «AMANAT» партиясының Қызылорда облыстық филиалы

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда облысына жұмыс сапарымен келген Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы депутаттық фракциясының мүшесі Мұрат Ергешбаев бүгін Қызылорда қаласының Тасбөгет кентінде орналасқан модульді биологиялық тазарту станциясына барды.

Партия филиалының баспасөз қызметі хабарлағандай, станция 43,5 мыңнан астам адамға қызмет көрсетеді. Тәулігіне 6,4 мың м³ кәріз суын қабылдайды. Аталған нысан 2013 жылы пайдалануға берілген, бүгінде тозу деңгейі 20%-ға жетті.

– Мәжіліс депутаты санитарлық нормалардың сақталуына мән берді. Талапқа сәйкес тазарту нысаны тұрғын аймақтан кемінде 500 метр қашықтықта орналасуы қажет. Алайда тұрғын үйлер 180 метрге дейін жақын орналасқан. Бұл да өзекті мәселелердің біріне айналып отыр. Жағымсыз иістің таралуын болдырмау мақсатында Титов шағын ауданына дейінгі аралықта 23 шақырым кәріз коллекторын салу көзделген. Бұл желіге Белкөл кенті мен Бәйтерек шағын аудандарының кәріз суы қосылады, – делінген хабарламада.

Жалпы құны 6,2 млрд теңге болатын жоба 2025-2026 жылдары жүзеге асырылады. Ол іске қосылса, Тасбөгеттегі станция жұмысын тоқтатып, барлық кәріз суы Қызылжарма ауылдық округіндегі қуаттылығы 70 мың текше метр биологиялық тазарту станциясына жиналады.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Мәжіліс депутаттары, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Мұрат Әбенов, Мархабат Жайымбетов және Мұрат Ергешбаев жұмыс сапары кезінде Қызылордада UEFA стандартына сай салынып жатқан стадион құрылысымен танысқан болатын.