Қызылордадағы көптеген қоқыс полигоны талапқа сай емес

Фото: Қызылорда облыстық экология департаменті

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда облысында рұқсатсыз қалдық тасталған орындарды ғарыштық мониторинг арқылы анықтау 2018 жылы басталды.

Облыстық экология департаментінің мәліметінше, 2025 жылы осындай әдіспен 113 орын анықталып, республикада алғашқылардың бірі болып азғантай уақытта қоқыстан тазартылды. 

- «Байқоңыр» кешеніндегі объектілерді бақылау да біздің құзырымызда. Өткен жылы 17 объектіні тексергенбіз, 13 заңбұзушылық тіркелді. Оларды жою жөнінде ұйғарым беріліп, толығымен орындалды. Бүгінде облыстағы қалдықтарды сұрыптау және өңдеу саласында 10 жоба жүзеге асырылып жатыр. Жоспар бойынша оның 9-ын «Жасыл даму» акционерлік қоғамы қаржыландырады, - деді департамент басшысының орынбасары Алмас Ысқақов. 

Облыста 145 қоқыс полигоны бар, соның 7-інде ғана экологиялық талаптарға сәйкес келетіні жөнінде рұқсат құжаттары бар. Департамент өкілі бұл көрсеткіштің неге тым төмен екенін түсіндірді. 

- Неге қалған полигондар экологиялық талапқа сәйкес келмейді? Өйткені үлкен болсын, кіші болсын, қалада ма, ауылда ма, оған да қарамастан полигондардың барлығына қойылатын талап бірдей. Сондықтан министрлікте осы талапты өзгерту мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Сол кезде талапқа сай келетін полигондардың көрсеткіші артады, - деді Алмас Ысқақов. 

Бұған дейін біз Түркістан облысында 247 заңсыз қоқыс орны анықталғанын жазғанбыз.