Қызылордадағы саяжай тұрғындарын не мазалайды
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Биыл Қызылорда қаласының бас жоспары қайтадан бекітіледі. Оған қала маңындағы саяжайлар да қосылмақ. Заңды мәртебесін иеленгесін саяжайлардың инфрақұрылымы жандана түседі деген үміт бар.
Кеңес кезеңінен бері санамызда саяжай — қала тұрғындарының көктемнен күзге дейін егін егіп, оны күтіп-баптау, өсіру, жинау жұмыстарына арналған жер деген түсінік қалыптасқан. Заңында солай.
Алайда кеңес одағы құлағасын тіршілігі тұралаған ауылдардан қалаға қарай ағылған ағайынның санында шек болған жоқ. Талайы қалада тұрақтап қалды.
Басқа амал болмағасын көбі қала сыртына қоныстанды. Бүгінде олар бір қауым елге айналды. Kazinform тілшісі Қызылорда қаласындағы саяжайларды аралап, тұрғындардың түйткіліне құлақ түрді.
Алмагүл Төленова 14 жылдан бері отбасымен «Эдельвейс» саяжайында тұрады. Айтуынша, мұнда 12-13 шақты көше, 500-ге жуық адам бар.
— Біз келгенде жарық та, су да жоқ еді. Ешқандай жағдай жасалмаған. Әкімдіктің табалдырығын тоздырып жүріп жарық қостырдық, он жыл өткесін ауызсу жетті. Соған дейін лай су ішіп келдік. Аяқсу түйткілі әлі шешімін тапқан жоқ. Тұрғындар өз ақшасына сатып алған моторды пайдаланып отыр. Қала әкімдігі биыл электрлі насос орнатып береміз деп сендірді. Маршрут қатынап тұр, енді соның бағытын көбейтсе жақсы болар еді. Біз үшін ең өзекті мәселе — газ бен жол. Жауын жауған күні көшеміз мибатпаққа айналады. Әсіресе, балаларға обал, аяқ киімнің соры. От жағамыз, қайта-қайта отын, көмір алу да оңай емес, қалтамыз тесілетін болды, — дейді «Эдельвейс» саяжай бірлестігінің төрайымы Алмагүл Төленова.
Саяжайдан даңғарадай үй салып алғандар әрі-сәрі күйде. Ертеңі қалай болар екен деп уайымдайды. Қаншама миллионның үйін сатайын десе, тиын боп қалайын деп тұр.
Кейбір тұрғындар отын мен көмірді қалтасы көтермегесін қыс бойы өз үйінің есігіне құлып салып, қала орталығында пәтер жалдап тұруға мәжбүр.
— Өкінішке қарай көршілеріміз солай лаждайды. Кейбір тұрғындар үйін жылыту үшін солярка пайдаланады. Оның өзі пәленбай сом. Үйіміз үлкен болғасын жылу маусымында от жағуға 250-300 мың теңгедей ақша кетеді. Газ болғанда екі есе арзанға түсер еді, — деді саяжай тұрғыны Әлия Мұсаева.
Қараңғы түссе, «Эдельвейс» көшелерінде жүру қиындайды. Жақында жарық бағаналары орнатылғанмен жарқырап тұрған біреуі жоқ.
— № 264 мектептің тасымал көлігі келеді. Ол алыста күтіп тұрады, балалар ойдым-ойдым жолмен жауын-шашынды күні батпаққа былғанып жетеді. Қала әкімі саяжайлар қаланың бас жоспарына енгізілетінін, содан кейін мәселелерді шешу үшін Үкіметтен қаражат сұрауға болатынын айтты. Бірақ ол қашанға дейін созылады, білмеймін. Облыс әкімдігіне тиіп тұрсақ та газ жетпеген. Біз құдды бір сыздауық сияқтымыз, — дейді Әлия Мұсаева.
«Сабалақ-Қызылорда» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Гүлсәнім Аукенова 20 жылдан бергі қонысы, бес саусағындай білетін «Сабалақтың» жайын қозғады.
— Одан бері подстансалар, бетон бағандар қойылды. Электр желілері тартылды. Қоғамдық көлік мәселесі шешілді. Дегенмен, халық санының өсуіне байланысты талап-тілегіміз көбеймесе, таусылған жоқ. Қазір «Сабалақта» 100-ге тарта көше бар. Тұрғындар шала-жансар біткен немесе әлі түрен салынбаған тірліктер туралы үнемі жеткізіп отырады. Санаулы ғана көшеде жарық бар. Кент әкімі биыл барлық көше қамтылады деп уәде берді. Газ келетін күнді күтіп жүрміз, әзірге от жағамыз, — деді ол.
Көптің мәселесін алға тартып жергілікті әкімдікке хабарластық.
— «Сабалақ», «Эдельвейс», «Еңбек» саяжайлары ауызсу және электр желісімен қамтылған. Газ желісіне қосу бойынша «Досстройпроект» компаниясы өз демеушілігі есебінен жоба әзірлеп жатыр. «Сабалақ» саяжайын газдандыру жобасының жалпы құны — 3 млрд теңге, жоба 3 кезеңнен тұрады. Мердігер — «Сырэнергогазстрой» серіктестігі. 2025 жылға бөлінген қаражат — 200 млн теңге. Қазіргі кезде 34 шақырым газ желісі жүргізілді. Қажетті қаражат үшін бюджеттік өтінім берілді. Алдағы уақытта тиісті жұмыстар атқарылады, — деді Қызылорда қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Жеңісбек Файзуллаев.
Жыл басында журналистерге өткен жылдың қорытынды есебін берген қала әкімі Нұржан Ахатов халық игілігі жолындағы шаруалардың бірі — елді мекендерді толық газ желісімен қамту екенін атап өтті.
— Бүгінгі күні 3,1 млрд теңгеге «Сабалақ» саяжайын және 631 млн теңгеге қалада «көгілдір отын» желісі жүргізілмей қалып қойған шағын аудандарды газдандыру ісі жалғасады. Ендігі кезекте Қызылөзек ауылдық округі мен Бірқазан елді мекенін газдандыру негізгі жоспарға енгізіледі. Осы тұста айта кеткеніміз жөн, биыл шаһарымыздың бас жоспары қайта бекітіледі. Ол қала жанындағы саяжайларды қамтиды. Басты құжатқа сүйене отырып, біз «Эдельвейс», «Еңбек», «Орбита» секілді саяжайларға да газ желісін жүргізуді жоспарлап отырмыз, — деді Нұржан Ахатов.
Соңғы жылдары саяжай және бау-бақша шаруашылықтарын одан әрі дамыту мәселесі Үкіметте де көтеріліп жүр.
АШМ жер ресурстарын басқару комитеті саяжай тұрғындарын ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру емес, коммуналдық-инженерлік және әлеуметтік инфрақұрылым мәселелері, соның ішінде су құбыры желілері мен сорғы станцияларын орнату, кіреберіс жолдар, электрмен жабдықтау және басқа да мәселелер алаңдататынын алға тартып отыр.
— Оған қоса саяжай учаскелеріне ауылдық елді мекен мәртебесін беру немесе оларды жақын орналасқан елді мекендерге қосу сынды сауалдар толғандырады. Себебі түсінікті. Өйткені тұрғындар қазіргі уақытта саяжай аумақтарын тұрақты тұратын жер ретінде қабылдайды және тиісінше қажетті жеңілдіктерді талап етеді, — деді комитет төрағасының орынбасары Дәулет Бижанов былтыр Парламент мәжілісінде ЖСДП фракциясы ұйымдастырған «Саяжай массивтерінің мәселелері» атты жиында.
Мәжіліс депутаты Наурыз Сайлаубайдың айтуынша, еліміздегі саяжайларды мекен еткендер саны 354 мыңнан асады.
— Әсіресе, ірі қалалардың маңындағы кеңестік дәуірден бері сақталып келе жатқан саяжайларда қазір күрделі әлеуметтік мәселелер шоғырланған. Ондағы бұрынғы саяжайлық шағын баспаналардың кейбірі зәулім үйге айналды. Байқасақ, бұл кәдімгідей бір қауым ел екенін білдіреді. Саяжай тұрғындарының саны жыл сайын өсіп келе жатқанын да білеміз. Салдарынан мұндағы мәселелер де арта беретіні анық, — дейді депутат.
Елімізде саяжай және бау-бақша шаруашылығын дамытудың 2024-2030 жылдарға арналған жол картасы әзірленген. Құжатқа сәйкес соның алғашқы екі жылында саяжайларда толықтай түгендеу жүргізіліп, алаптардың шекарасы айқындалады.
Одан бөлек, саяжайларға қажетті әлеуметтік нысандар есепке алынбақ. Содан кейін тұжырымдаға сай дамыту ісі қолға алынады.
Бұған дейін Атыраудағы саяжай тұрғындары да инженерлік инфрақұрылым мәселесі шешімін таппағанын жиі көтеретінін жазғанбыз.