Қызылордадағы уран өндірісі: халықтың алаңдауына негіз бар ма

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда облысы — Қазақстандағы уран өндіру ісін жолға қойған негізгі өңірлердің бірі. Жерасты ұңғымалы шаю технологиясы дәстүрлі кен өндіруге қарағанда жер бедерін аз бұзғанымен, өндірістің қоршаған ортаға және адам денсаулығына ықпалы туралы мәселе қоғам назарынан шет қалған емес. Kazinform тілшісі өндіріс орналасқан аумақтағы ауызсудың сапасы мен радиациялық фонның деңгейін зерттеп көрді.

Фото: "Қазатомөнеркәсіп" ҰАК" АҚ

Энергетика министрлігі Атомдық және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті мәлімдегендей, Қызылорда облысының кен орындары аумақтары мен оған жақын орналасқан елді мекендердегі радиациялық фон тұрақты, яғни сағатына 0,07-0,16 мкЗв (микрозиверт).

— Қазіргі радиация деңгейі радиациялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге қойылатын санитарлық-эпидемиологиялық талаптар бойынша гигиеналық нормативке толық сәйкес келеді. Нормативке сәйкес тұрғын үйлер мен әлеуметтік-тұрмыстық мақсаттағы ғимараттар құрылысы үшін учаске таңдау кезінде гамма фоны сағатына 0,3 мкЗв болатын учаскелер бөлінеді. Радиациялық фон деңгейінің көрсеткіші бар электронды метеотаблолар Шиелі кентіндегі Қарамұрын кенішінде («РУ-6» ЖШС), Байкенже кентінде орнатылған. Ол халық үшін қолжетімді. Еншілес кәсіпорындар санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті Қызылорда облысы бойынша ұлттық сараптама орталығының өкілдерімен бірге радиациялық жағдайды уақытылы тексереді. Тексеру нәтижесі басылымда жарияланып тұрады, — делінген хабарламада.

Фото: "Қазатомөнеркәсіп" ҰАК" АҚ

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ ұсынған ақпаратқа сәйкес Қызылорда облысында ауыр металл жерасты ұңғымалы шаю әдісімен 300-ден 700 метрге дейінгі тереңдікте өндіріледі.

— Уран өндірілетін қабаттар жерүсті су объектілерінен, оның ішінде Сырдария өзенінен табиғи саз қабаттарымен оқшауланған. Радиоактивті заттар мен ауыр металдардың жерасты суына, Сырдария өзені бассейніне және елді мекендердің ауызсу көздеріне таралуына жол бермеу мақсатында уран өндіруші кәсіпорындар өндірістік экологиялық мониторинг жүргізеді. Атап айтқанда, кәсіпорын аумағында және өндірістік алаңның санитариялық қорғау аймағы шегінде су мен топырақ сынамалары алынады. Сонымен қатар кен орнынан 50-ден 1000 метрге дейінгі қашықтықта орналасқан бақылау ұңғымаларының желісі арқылы мониторинг жүргізіліп, судың құрамы, қышқылдығы (pH), сульфат деңгейі және уранның белсенділігі бақыланады. «Қазатомөнеркәсіптің» мәліметі бойынша кейінгі бес жылда өңірде уран өндіру қызметімен байланысты радиациялық, экологиялық немесе технологиялық сипаттағы төтенше жағдайлар тіркелген жоқ, — деді Комитеттің басқарма басшысы Динара Кенжеқұлова.

Уранды мұндай тереңдікте өндіру — Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік және Дүниежүзілік ядролық қауымдастық сияқты халықаралық құзыретті ұйымдар мойындаған экологиялық тұрғыдағы ең қауіпсіз тәсіл.

Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті биыл 7 айда тиісті кәсіпорындарға қатысты тексеру жүргізбеген.

Фото: "Қазатомөнеркәсіп" ҰАК" АҚ

— Себебі тексеру тағайындауға авариялық жағдайдың туындауы, халықтың өмірі мен денсаулығына қауіп төну, азаматтар мен заңды тұлғалардан өтініш түсуі сияқты заңды негіз болмаған. Бұл ретте радиациялық қауіпсіздік объектіге бармай, профилактикалық түрде (кәсіпорындар ұсынатын өндірістік радиациялық бақылау бойынша жартыжылдық есептілікті талдау арқылы), сондай-ақ аумақтық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармаларының мамандары жүргізетін радиациялық фонға санитариялық-эпидемиологиялық мониторинг арқылы бақыланады. Мониторинг нәтижелері бойынша бұзушылықтар немесе гигиеналық нормативтен ауытқу деректері тіркелген жоқ. Уран өндіру аумақтарындағы және оларға іргелес елді мекендердегі радиациялық жағдай ұдайы назарда, — делінген департамент хабарламасында.

Ұлттық сараптама орталығы филиалының Шиелі және Жаңақорған аудандық бөлімшелері уран өндіретін өңірлердің аумағы мен іргелес елді мекендерге апта сайын мониторинг жүргізеді. Департамент мәлімдегендей, мониторинг радиациялық фон сағатына 0,07-0,19 мкЗв екенін көрсетті. Мамандар мұның радиациялық қауіпсіздіктің санитариялық нормативіне толық сәйкес келетінін айтып отыр. Аталған аумақтар үшін белгіленген табиғи гамма-фон сағатына 0,20 мкЗв-тан аспайды.

— Қызылорда облысы бойынша «Қазгидромет» филиалының Шиелі ауданында атмосфералық қабатқа бақылау жүргізетін 1 пост орналасқан. Автоматты станция үздіксіз режимде әр 20 минут сайын анықталатын компоненттер бойынша (азот диоксиді, күкірт диоксиді, көміртек оксиді, озон) атмосфералық ауаның жай-күйін бақылап, көрсеткішті тікелей электронды серверге жібереді. Мемлекеттік посттармен қатар өңірде «Қазатомөнеркәсіп» кәсіпорындарының жергілікті ведомстволық датчиктері мен автоматтандырылған жүйелері жұмыс істейді. Дерек қолжетімді болуы үшін ауаның сапасы туралы жедел ақпарат Air.KZ мобильді қосымшасында көрсетіледі. Радиация деңгейін өлшеудің өзекті көрсеткіші «Қазгидрометтің» ресми сайтында онлайн режимде жарияланады, — делінген департамент таратқан ақпаратта.

Фото: "Қазатомөнеркәсіп" ҰАК" АҚ

Ұлттық сараптама орталығы ауызсу мен ашық су көздерінің жиынтық альфа және бетабелсенділігін анықтау мақсатында топырақтың 12, ауызсудың 14, ашық су көзінің 1 сынамасына радиологиялық зерттеу жүргізді. Талдау нәтижесінде бірде-біреуінде белгіленген нормативтік мәннен асып кету жағдайы анықталмаған.

Экология және табиғи ресурстар министрлігі кейінгі бес жылда департамент тарапынан уран өндіруші кәсіпорындарға қатысты 43 профилактикалық бақылау және жоспардан тыс тексеру жүргізілгенін мәлімдеді.

— Бақылау іс-шараларының нәтижесінде экологиялық заңнама талаптарын бұзудың 62 фактісі анықталып, оларды жою мақсатында 62 нұсқама берілді. Анықталған заң бұзу бойынша әкімшілік құқық бұзу туралы істер қозғалып, нәтижесінде жалпы сомасы 5,3 млрд теңгеге 34 әкімшілік айыппұл салынды, — деп хабарлады ведомство.

Министрлік 2026-2030 жылдары қолданыстағы заңнама аясында уран өндіруші кәсіпорындардың экологиялық заңнама талаптарын сақтауы бойынша мемлекеттік экологиялық бақылауды жүзеге асырады. Осы орайда экологиялық рұқсат, эмиссиялар нормативі, қалдықты басқару және қоршаған ортаны қорғау жөніндегі өзге де талаптардың сақталуына басымдық береді. Ал ол бұзылған жағдайда кінәлілер жауапқа тартылады. Ведомство радиациялық қауіпсіздік пен радиациялық фонды мониторингтеу уран өндірісінің қоршаған ортаға теріс әсерін төмендетуге, экологиялық талаптардың сақталуын қамтамасыз етуге және уран өндіру объектілерінің қауіпсіз пайдаланылуын бақылауға бағытталғанын атап өтті.

Біз бұған дейін «Қазатомөнеркәсіп» уран сатуға қатысты екі ірі мәміле жасайтынын жаздық