Қызылордадағы жалғыз шіркеу бұрын музей болған
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылордадағы кейбір ғимараттар қала Қазақ Республикасының астанасы болған кезеңнің сарқытындай сақтаулы тұр. Соның бірі — құтқарушы Христос шіркеуі.
Патшалық Ресей әскерінің келуіне байланысты Ақмешіт бекінісінің атауы Перовск болып өзгеріп, христиан дінін уағыздаушылар көбейгесін шіркеу қажет болды.
Сөйтіп 1855 жылы поп Л.Гороховскийдің жетекшілігімен Перовскіде жылжымалы шіркеу ашылды.
— 1863 жылы қалада алғашқы тұрақты қызмет ететін православ шіркеуі ашылды. Алайда, саз кірпіштен қаланып, төбесі киізбен жабылғандықтан ол 1868 жылы қатты жауған жауынның салдарынан құлап қалған. Сол жылы қабырғасы күйдірілген кірпіштен қаланып, төбесі жабылады. 1890 жылы шіркеудің жана ғимаратының құрылысы басталып, 1896 жылы пайдалануға берілген. Үкімет пен жергілікті орыс шаруаларының қаражатына салынған жалғыз шіркеу ерекше сәулет кешеніне айналды, — дейді Қызылорда облыстық тарихи-мәдени мұраны қорғау орталығы тарихи-мәдени мұра бөлімінің инспекторы Зухра Сыздықова.
Шіркеу ғимараты 1930 жылы жабылып, әуелі қоныс аударғандарды қабылдау пункті, кейін обсерватория болды.
Ал 1982 жылға дейін онда тарихи-өлкетану музейі орналасып, ұжым аймақ тарихы мен табиғатын зерттеуге үлес қосты.
1989 жылдың мамыр айынан бастап ескі ғимарат қайтадан православ шіркеуіне айналды. Онда мінәжат етуге арналған зал мен кіреберіс бар. Шіркеуге 250-300 адам сыяды.
— Бұған ұқсас архитектуралық нысан Астрахан, Ташкент қалаларында бар. Христос шіркеуі — христиан дінін ұстанатын қауым мінәжат ететін қасиетті орын. Ескерткіш жергілікті жердің мәдени-тарихи өзіндік даму ерекшеліктеріне байланысты салынған, — дейді Зухра Сыздықова.
Ғимарат мемлекет қорғауына алынған, республикалық маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіштер қатарында. Сәулет өнері нысаны 2014-2015 жылдары қайта қалпына келтірілді.
Тарих деректеріне сүйенсек, Қызылорда қаласының іргетасы 1818 жылы қаланған.
Алғашқыда Қамысқала атанған шаһар одан кейінгі жылдарда Ақмешіт, Перовск деген атауға ие болды.
Биыл — Қызылорда қаласының Қазақ АКСР-інің астанасы атанғанына тұп-тура 100 жыл. Біз бұған дейін сол кезеңнен жеткен тарихи ғимараттардың сақталу жағдайын зерттеп, жазғанбыз.