Қызылордадағы жаңа стадион UEFA-ның төртінші санатына ие болды

Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM - Қызылорда қаласында жаңадан бой көтерген «Қайсар-арена» стадионы UEFA-ның ең жоғары 4-ші санатты сертификатына ие болды. 

Бұл жөнінде Қазақстан футбол федерациясы кәсіби клубтар арасындағы жарыстар өткізу дирекциясының басшысы Бақытжан Пазылхайыр Қазақстан кубогын таныстыру рәсімінде журналистерге айтып берді.

UEFA мамандары стадионды сретификаттау бағытында тиісті жұмыстар жүргізді. Нәтижесінде оны ең жоғарғы 4-ші санатты сертификатына лайықты деп таныды.

Стадионда 4 қазан күні еліміздің футбол жанкүйерлері үшін маңызды ойын өтпек. Онда Қазақстан кубогында шымкенттік «Ордабасы» мен қостанайлық «Тобыл» финалда кездеседі.
Осы айтулы дода қарсаңында Қызылорда қаласындағы сауда орталығында Қазақстан кубогының таныстырылымы өтіп, көпшілік назарына ұсынылды.

Еске салсақ, бұдан бұрын футболдан Қазақстан құрамасының бас бапкерінің міндетін атқарушы тағайындалды.