Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының мәліметіне сүйенсек, өңірде 38 бірлескен кәсіпорын жұмыс атқарады. Онда еңбек ететін отандастарымыздың саны 9400-ге жуық. 300-ден астам шетелдік рұқсатпен жұмысқа тартылған болса, соның ішінде Қытай (264) мен Түркия (45) азаматтарының салмағы басым. Биыл шетелдік жұмыс күшін тартуға 288 рұқсат берілді.
— Қандас мәртебесін беру және ұзарту қызметі бойынша аймағымызға оралған 14 этникалық қазаққа (11 отбасы) қандас мәртебесі берілді. Олар Өзбекстан (12), Қытай (1), Түрікменстаннан (1) келген. 3 адамның қандас мәртебесі ұзартылды, — деді басқарма басшысының орынбасары Жанар Дәулетбаева.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қызылорда облысында жыл басынан бері мемлекет көмегін негізсіз алғандар саны 33,1%-ға төмендеді.