Қызылордалық дәрігерлер пациенттен сирек кездесетін түзілім алды

Фото: Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Қызылорда облыстық филиалы

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қызылорда көпбейінді облыстық ауруханасында құрсақ қуысы артындағы үлкен түзілімді алып тастау бойынша ота жасалды. Бұл туралы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Қызылорда облыстық филиалынан хабарлады.

56 жастағы Алтынбек Фазыловты бүйрегі мазалап жүргеніне біраз болған. Соңғы бес жылда дәрігерлер ондағы түзілімді алу үшін үш рет ота жасаған. Жуырда облыстық аурухана хирургтары құрсақ қуысы артынан 25 сантиметрлік түзілім алды.

— Белім ауырып, аяқтарым қатты ісіп, басқа да жағдайлар мазалады. Ота жасатып едім, қазір жақсымын. МӘМС арқылы тегін ем алып жатырмын — деді Алтынбек Фазылов.

Фото: Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Қызылорда облыстық филиалы

Күрделі отаны хирургтар Жасұлан Баймаханов, Ербол Серікұлы, Әсет Жалмағанбетов жасады. Дәрігерлер мұның өте сирек кездесетін түзілім екенін айтып отыр. Мұндай жағдай барлық бүйрек ауруының 1%-ында ғана кездеседі екен.

— Пациент емін жүйелі түрде жалғастырса, мұндай түзілім қайтадан пайда болмайды. Отаның құны — 310 мың теңге, елімізде Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры есебінен тегін жасалады. Мысалы, көршілес Өзбекстанда мұндай отаның 90%-ын науқастың өзі төлейді, — деді аурухана директорының орынбасары Ербол Серікұлы.

Ал жақында отандық медицина тарихында тұңғыш А. Н. Сызғанов атындағы ұлттық ғылыми хирургия орталығы базасында профессор Болатбек Баймахановтың жетекшілігімен трансплантолог дәрігерлер командасы бүйректі үштік айқас трансплантация жасады.