Бұл туралы әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының облыстық филиалы хабарлады.
Пациент Зәуре Асанованың іш қуысындағы негізгі артериялардың бірі бітеліп қалып, хирургтер қан ұйығыштарын алып тастауға мәжбүр болды.
— Қосымша тексеруден соң пациентте көлемі 6×5 сантиметр болатын сол жақ жүрекше миксомасы анықталды. Сондықтан жасанды қан айналымын қолдану арқылы ашық жүрекке жоғары технологиялы ота жасалды. Дәрігерлер ісікті сол күйі алып тастады, — делінген хабарламада.
Ота сәтті өтті. 49 жастағы пациент қазір медициналық оңалту сатысында.
— Тынысым тарылып, басым айнала беретін, аяқтарым ұйып қалатын. МӘМС аясында тегін ота жасалып, жағдайым жақсарды, — деді Зәуре Асанова.
Аурухананың кардиохирургия бөлімінің меңгерушісі Берік Дәуітбаевтың айтуынша, миксома — сирек кездесетін патология, мұндай ота облыста жылына 1-2 рет қана жасалады.
— Құны — шамамен 3,5 миллион теңге. Барлық шығын әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының есебінен өтеледі. Жыл басынан бері ашық жүрекке шамамен 70 ота жасадық. Оның көбі — аортокоронарлық шунттау мен жүрек қақпақшаларын ауыстыру, — деді Берік Дәуітбаев.
Айта кетейік, биыл өңірдің денсаулық сақтау жүйесіне 117,4 млрд теңге қаржы бөлініп, оның 57,1 млрд теңгесі тұрғындарға МӘМС аясында қызмет көрсетуге жұмсалды.