Қызылордалық ерекше жұп қалай шаңырақ көтерді
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылордалық тағдырлы ақын Нұрмүхамед Әбілқасымов жұбайы Әйгерім Нұрлановадан 18 жас үлкен. Ал екеуінің таныстығы — өз алдына бөлек хикая. Kazinform тілшісіне сұхбат берген жарасымды жұп бірін-бірі жолықтырған сәтті баяндап берді.
Нұрмұхамед Әбілқасымовты жұрт аузына таяқша тістеп, смартфон арқылы өлең жазатын ақын ретінде таниды. Ол — «Тағдыр мен жаза», «Тасжарған» кітаптарының авторы.
Тағы бір жыр жинағы қолға тиетін күн алыс емес. Сондай-ақ халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты, облыс әкімі тағайындаған «Тұран» сыйлығының иегері.
Әйгерім екеуінің шаңырақ көтергеніне биыл — 10 жыл. Небары үш күн ішінде танысып, кездесіп, көңіл қосқан.
Тағдыр ауыртпалығына мойымаған ақын жұбайын жолықтырған сәтті ерекше толғаныспен еске алады.
— Қарындасым Жұлдызға «ағаңа қыз қарап жүр, үйленетін кез келді» дейтінмін. Бір күні мүмкіндігі шектеулі жандар арасында облыстық жарыс өтетін болды. Соған барарда қарындасым «аға, өзіңіз де құр жүрмеңіз» деп шығарып салды. Содан не керек, бір ойым жарыста, бір ойын қыз іздеуде. Өмірімде қыздар кездеспеді емес, кездесті. Бірақ олардың көзінен «ертеңіміз қалай болады?» деген қорқынышты көретінмін. Алла осы жолы қарындасымның аузына әдейі салған сияқты. Ойын аяқталып, сыртқа шыққанымда дәлізде жүрген екі жас қызға көзім түсті. Сұрастыра келе білгенім, екеуі де тұрмыс құрмаған. Мен де оларға қиындықпен қалай күресіп келе жатқанымды, кітап жазғанымды, адал әрі қарапайым қыз іздеп жүргенімді айттым. Әңгімемді Әйгерім мұқият тыңдап отыр екен. Жалт бұрылғанымда екеуміздің жанарымыз түйісіп, мен іздеген қыз осы деген ой келді. 2015 жылы Рамазан айында жеңгеңмен танысып, үшінші күні алып қаштым, — дейді Нұрмұхамед Әбілқасымов.
Әйгерім төркіні қарсы болуы мүмкін екенін ойлап, жігіт жақтың құда түсіп келуін қоштамапты.
Бұлардың жарасымды өмір сүретініне сенбегендер көп болған. Алайда өмір ағымы мүлдем басқаны көрсетті.
— Облыс орталығындағы жарысқа ол шахмат, мен үстел теннисі спортынан қатыстық. Сол жерде бір-бірімізді ұнатып қалдық. Бізді Алла қосты. Жар таңдауда қателеспегеніме қуанамын. Нұрекең әйелді сыйлай біледі. Мені де, балаларын да әркез қолдап отырады. Өтірік сөйлегенді, көлгірсігенді ұнатпайды, — дейді ақынның жары.
Қыз алып қашудың өз қызығы бар. Қызы үйіне оралмағасын анасы уайымдап полицияға жүгінген.
Әйгерімнің қайда екенін білгеннен кейін қыз жақ Нұрмұхамедтің ауылына келіп, бұл үйдегілер абыр-сабыр күйге түсіпті.
— Әйгерімнің өз еркімен келгенін естіген соң ғана қуғыншылардың көңілі орнына түсті. Оның анасына «ауруды тілеп я қолдан жасап алған жоқпын. Осы күнді 37 жыл бойы күттім. Қызыңызды бақытты қылам деп айта алмаймын. Бірақ бақытты қылуға тырысамын» дедім. Өйткені мүгедектер арбасына таңылсам да бір отбасының жағдайын жасай алатыныма сенетінмін. Әйгерімнің анасына берген уәдемде тұрған сияқтымын, — дейді Нұрмұхамед Әбілқасымов.
Ерлі-зайыптылардың Қалқаман мен Қарақат есімді егіз балалары бар. «Ендігі жерде солардың қызығын көрсем» дейді ақын кейіпкеріміз.
Еске салсақ, елімізде 15 сәуір — ғашықтар күні ретінде аталып өтіп келеді. Ол 2011 жылы 14 ақпан — Әулие Валентин күніне балама ретінде пайда болды.