Қызылордалық ғалымдар қойдың құйрық майынан ылғалдандырғыш крем жасады

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің ғалымдары қойдың құйрық майынан ылғалдандырғыш крем әзірлеп, ғылыми жетістікке патент алды.

Фото Гүлмира Абызбекованың жеке архивінен

Бұл — университеттің Толыбек Қуанышбаев атындағы химия-биологиялық зерттеу ғылыми-білім беру орталығының қолданбалы ғылыми зерттеуі нәтижесінде жасалған алғашқы табиғи органикалық өнім.

Зерттеуге орталықтың бас ғылыми қызметкері, химия ғылымдарының кандидаты Гүлмира Абызбекова, аға ғылыми қызметкерлер, химия ғылымдарының кандидаты Гүлжан Балықбаева, биология ғылымдарының кандидаты Райхан Жандәулетова, техника ғылымдарының кандидаты Шолпан Еспенбетова және Анипа Тапалова, педагогика ғылымдарының кандидаты Карима Арынова, жас зерттеуші, 4-курс студенті Аружан Талғатова қатысты. 

Сыр өңірінің континентальды климаты мен экологиялық факторлары теріні тез құрғатып жіберетіні белгілі. Ғалымдар тобы осы мәселені табиғи жолмен шешуді көздеген. 

— Кремге тек 5 табиғи компонент кіреді. Қойдың құйрық майы құрамындағы табиғи май қышқылы мен стерин терінің ең терең жасушалық қабаттарына өтіп, су-тұз балансын қалпына келтіретіні дәлелденген. Ол теріні ылғалдандырып қана қоймай, басқа да пайдалы заттарды терінің ішкі қабатына өткізу қабілетіне ие. Жасушалардың жаңаруын тездетеді. Жүзім тұқымының майы — теріні қоректендіріп, жараны жазатын антиоксидант. Ара балауызы кремнің жұмсақ құрылымын түзіп, теріні сыртқы жел мен суықтан қорғайды. Жалбыз және лаванда эфир майы — табиғи антисептик, қабынуды басады, хош иіс береді және бұлшықетті босаңсытады. Басқа кремдерде синтетикалық консервант, спирт немесе артық дәрумендер болуы мүмкін. Бұл кейде теріні тітіркендіріп, дәруменді шамадан тыс көбейтеді. Біздің өнім толық органикалық, химиялық қоспа немесе спирт қосылмаған, — деді Гүлмира Абызбекова. 

Фото Гүлмира Абызбекованың жеке архивінен

Өнімнің қауіпсіздігі Алматы қаласындағы сынақ орталығының аккредиттелген зертханасында арнайы сараптамадан өтті. Құрамынан мышьяк, сынап, қорғасын сияқты улы заттар, микроорганизмдер мен бактериялар табылмады. «Теріні тітіркендірмейді, аллергия тудырмайды, pH көрсеткіші (6,1) терінің табиғи ортасына толық сәйкес келеді» деп қорытынды берілген. 

Патент авторы тоң майдың неліктен косметика өндірісінде кеңінен қолданылмай келе жатқанын түсіндірді. 

— Оның өзіне тән ерекше иісі мен тығыз, ауыр текстурасы бар. Дұрыс өңделмесе, теріге баяу сіңіп, майлы жылтыр із қалдырады. Біздің ғалымдар құйрық майын жүзім тұқымы және эфир майларымен дәл пропорцияда синергиялық түрде біріктіру арқылы жағымсыз иісті кетіріп, жұмсақ, жағымды әрі жылдам сіңетін заманауи консистенция алды. Шетелдік тұтынушылар үшін жануар майы негізіндегі косметика таңсық болуы мүмкін. Өйткені батыс елдерінде вегандық косметика тренді қатты дамыған. Халықаралық нарыққа шығу үшін өнімнің табиғилығын, қауіпсіздігін халықаралық ISO және ECO-сертификаттармен дәлелдеп, сауатты маркетинг әдісімен түсіндіру қажет. Сондықтан өнімнің эко-тазалығын ғылыми ағартушылық жолмен түсіндіру керек, — деді ғалым. 

Патент алу — ғылыми идеяның жұмыс істейтінін және оның жаңа екенін дәлелдеудің бастапқы кезеңі. Ғалымдар алдағы уақытта кремді өндіріске енгізіп, ел игілігіне ұсынуды көздеп отыр. 

Жуырда астаналық оқушы Зайна Жүсіпбекова түйежапырақ пен қалақайдан толық ыдырайтын экологиялық қағаз жасау жобасын әзірлеп, «Қазпатенттен» екі патент алған еді.