Қызылордалық кәсіпкерлердің 100 млн теңгеден астам қаржысы қайтарылды
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Биыл 3 ай ішінде Қызылорда облысында 1400-ден астам кәсіпкердің құқығы қорғалып, 24 лауазымды адам жауапкершілікке тартылды.
Облыс прокурорлары 590-нан астам кәсіпкерлік субъектісінің қызметін заңсыз тексеру жағдайына бөгет болды. Кәсіпкерлердің 100 млн теңгеден астам қаржысы қайтарылды.
«Ел экономикасына 568 млрд теңге үлесі бар 12 инвестордың проблемалық мәселелері шешілді. Мысалы, «Прокурорлық сүзгі» жобасы аясында уәкілетті органның «Марал-Нұр» серіктестігінің жер учаскесін мәжбүрлеп алып қою туралы талап арызы қанағаттандырылмады. Инвестордың жер учаскесіне қатысты шектеулер алынып тасталды.
Прокуратураның мобильді тобына 20-ға жуық сигнал келіп түсті, оның 5-і расталды», – делінген облыстық прокуратураның хабарламасында.
Бұған дейін Қызылорда облысының прокуратурасы кәсіпкерлік субъектісінің қызметін заңсыз тексеру фактісін анықтағанын жазғанбыз.