Қызылордалық өнерпаз республикалық күйшілер конкурсының жеңімпазы атанды
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM - Бүгін Қызылордада Ұлттық домбыра күніне орай Мырза Тоқтаболатұлының 175 жылдығына арналған «Сыр толқыны» атты II республикалық күйшілер конкурсы өтті. Бұл туралы облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасынан хабарлады.
Мырза Тоқболатұлы — жастайынан домбыраны жанына серік еткен, күй додасына түскен талант иесі. Ол 1847 жылы Қазалы уезіне қарасты (қазіргі Арал ауданының аумағында) Қарақұм қойнауындағы Жыланды жерінде дүниеге келген. Білетіндер оның 20-дан астам күйі бар екенін айтады.
Күйші есімін ұлықтаған өнер додасы Сыр елінде биыл екінші рет өтті. Оған республиканың 10 өңірінен 24 талапкер қатысып, өзара бақ сынады.
Байқауға күйші-композитор, Құрмағазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры, «Құрмет» орденінің иегері, академик Төлепберген Төреахметұлы бастаған күй өнерінің шеберлері қазылық етті.
- Додаға Қазақстанның әр өңірінде қалыптасқан күйшілік дәстүрді таратып, жеткізушілер бас қосты. Байқау қорытындысымен III орын Ерімбет Орынбасаров (Арал ауданы), Мадияр Жасаңбаев (Қармақшы ауданы) және Алтынай Махмутқа (Қарағанды қаласы) бұйырса, Жәнібек Жұмабаев (Маңғыстау облысы) пен Айшолпан Қасымова (Астана) II орын иегері атанды. Жүлделі I орынды Саят Нұрәли (Алматы облысы) қанжығасына байласа, қызылордалық Махамбетхан Досымжан байқаудың бас жүлдесін жеңіп алды. Өнер аламанында қарсыластарынан оқ бойы оза шапқан Серік Асқар (Шымкент қаласы), Әбілжан Тәттімбет (Жамбыл облысы), Көшербай Мұхамеддин (Қызылорда қаласы), Жұмағали Серік (Алматы қаласы) және Кенгесбаева Жұлдызайға (Алматы қаласы арнайы жүлдедер табысталды. Конкурс Сыр бойы күйлерін қайта жаңғыртып, жергілікті күйші-композиторлардың мұрасын жас жеткіншектерге насихаттау арқылы халқымыздың көне, фольклорлық-этнографиялық домбыра аспабын меңгеруде кәсіби шеберліктеріне ықпал жасауға, өнерпаздар қатарын дарынды, жаңа буын өкілдерімен толықтыруға мүмкіндік берді, - делінген басқарманың хабарламасында.
Сондай-ақ бүгін Ұлттық домбыра күніне орай Алматыда «Күмбірле, қоңыр домбыра» атты көрме ашылды.