Kazinform тілшісімен сұхбатта ол 1200 шақырымға жуық қашықтықты еңсеріп, осы сапары арқылы спортты насихаттауды және онкологиялық дертпен күресіп жатқан балаларға қолдау көрсетуді мақсат етіп отырғанын жеткізді.
— Бұл сапардың мақсаты тек ұзақ қашықтықты велосипедпен бағындыру емес. Сонымен қатар жол бойында елдің тарихы мен мәдениетін танып, көрген-білгенімді әлеуметтік желі арқылы көпшілікпен бөліспекпін. Ең басты мақсатым — қатерлі ісікпен күресіп жатқан балаларға рухани демеу болу. Әр шақырым денсаулықты таңдауға, мәдениетімізді бағалауға және басына қиындық түскен жандарға «сен жалғыз емессің» деуге арналған, — деді Ақдәулет Абат.
Ұзақ қашықтықты велосипедпен жүріп өту физикалық төзімділікті ғана емес, мықты дайындық пен табандылықты талап етеді. Кейіпкеріміз соған қарамастан сапарын соңына дейін жеткізуге ниетті.
— Кейде адамға үлкен өзгеріс жасау үшін көп нәрсе қажет емес. Бір қадам, бір әрекет, бір жақсы сөздің өзі маңызды. Менің осы сапарым балаларға, олардың ата-аналарына және жалпы адамдарға жігер берсе екен деймін, — деді ол.
Еске салайық, кейіпкеріміз 2 ай бұрын ғана 85 шақырым жолды жүгіріп өтіп, алғашқы белесін бағындырды. Желаяқ жігіт жедел жәрдем саласында еңбек етеді. Жалағаш ауданынан облыс орталығына 10 сағат 12 минутта жетіп, мақсатын орындады.