Қызылордалық студент үйінде жылан асырайды

Фото: Нұрсұлтан Икрамовтың жеке мұрағатынан

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қазанғап атындағы Қызылорда музыкалық жоғары колледжінің 4-курс студенті Нұрсұлтан Икрамов үш жылдан бері үйінде жылан асырайды. Ол Kazinform тілшісіне бала күнгі арманына қалай қол жеткізгенін, жылан асыраудың қиындығын айтып берді.

Кейіпкеріміз бауырымен жорғалаушының бойындағы мифологиялық аңыздарда суреттелетін қасиеттер, ең бастысы, сұлулығы мен қимыл-қозғалысы еліктіргенін жеткізді. 

— Қызығушылығымды ата-анам бірден құптаған жоқ. «Адам соған да қызыға ма, шағып алады» деп мені қорғағандай болды, жолатқысы келмеді. Жақсы ма, жаман ба, білмеймін, бірақ менің нені мақсат етсем, соған жетпей тынбайтын қасиетім бар. Содан үш жыл бұрын туған күніме арнап өзіме өзім жылан сыйладым. Мұны естіген әкем маған ренжіп, үш күн бойы бір-бірімізбен сөйлеспей жүрдік. Кейін әкем де, анам да жіби бастады. Олар да жыланды жақсы көріп кетті, — деді Нұрсұлтан Икрамов.

Қазір оның қолында жыланның үш түрі бар. Бірінің ұзындығы 2 метр болса, қалған екеуінікі 1 метрден асады. Барлығы сертификатталған, заңды. Уы жоқ, демек, адамға еш зиянсыз. 
Тіпті қожайынымен бірге аниматор орталығында қойылымдарға қатысады. Адамдарға әбден үйренген.

Фото: Нұрсұлтан Икрамовтың жеке мұрағатынан

— Асыранды жылан адамдардан қорықпайды, қолға алғанда агрессия танытпайды. Үй жыланы 20-25 жылға дейін өмір сүреді. Ал жабайы жыландар 10-15 жыл ғана. Өйткені қорегі бірде бар, бірде жоқ дегендей. Үй жыланының жағдайын жасағасын ұзақтау өмір сүреді. Жабайы жәндікте инфекция болуы мүмкін. Жабайы табиғатта не жеп жатқанын білмейміз. Мен өз жыланыма лабораториялық жағдайда өсірілген тышқан, яғни таза тамақ беремін, — деді кейіпкеріміз.

Фото: Нұрсұлтан Икрамовтың жеке мұрағатынан

Ең алғашқы жыланды 130 мың теңгеге сатып алған. Өзінің көзі қып-қызыл, шағын ғана екен. Нұрсұлтан Икрамов оны қолына алған, денені айналдыра ораған кездегі әсер естен кетпейтінін айтты. Жыланды аптасына бір рет егеуқұйрықпен қоректендіреді. Бір егеуқұйрықтың бағасы 2,5-3 мың теңге аралығында. 

Циркте өнер көрсету туралы ойы бар-жоғын сұрағанымызда бірден қарсылық танытты. 

Фото: Нұрсұлтан Икрамовтың жеке мұрағатынан

— Біз әдетте жылан ұстаған адамды циркте ғана көріп үйренгенбіз. Бірақ маған циркте жұмыс істеу мүлдем ұнамайды. Оларды еркінен тыс қамауға, трюктер үшін тамақ бермей жүруге, күшпен көндіруге қарсымын. Менің жыланым домбыраның үнін жақсы көреді. Арасында террариумнан босатып, еркіндікке шығарамын. Үйдің ішін айналып жүреді. Домбыра тартсам, соған оралады. Жыланның құлағы естімегенмен бұл қасиет оның тіліне берілген. Тілін үнемі сумаңдатып сыртқа шығарып жүруінің себебі тілімен сезіп біле алатынында, — деді ол.

Бұған дейін біз Қызылордада бұрынғы полицей бассейнде бекіре өсіріп жүргенін жазған едік.