Қызылордалықтар күріш ору науқанына дайындалып жатыр

Фото: Қазақ күріш ғылыми-зерттеу институты

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Биыл Қызылорда облысында 189,6 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Оның ішінде 80,9 мың гектар жерде күріш суға бастырылды. Бұл туралы Kazinform тілшісіне облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының баспасөз қызметі хабарлады.

Диқандар ерте егілген астық дақылдарын қамбаға құйды. Енді мал азығы түріндегі, майлы дақылдармен қатар көкөніс, бақша дақылдарын жинап жатыр.

- Осыған дейін 71,5 мың гектар (88%) күріш егісінің суы байланды. 5,8 мың гектар (7,2%) сыпырықтану, 12,7 мың гектар (15,7%) гүлдену, 28 мың гектар (34,4%) сүтті пісу, 34,4 мың гектар күріш балауыз пісу сатысында. 66,5 мың гектар күріш үстеу арқылы қоректендіріліп, 66,8 мың гектар жер арамшөпке қарсы өңделді. Негізгі дақылды ору жұмыстары тамыз айының аяғында басталып, қазанның екінші онкүндігінен кешіктірмей толық аяқтау жоспарланған, - делінген хабарламада.

Шаруашылықтар 4 мыңнан астам техниканы күзгі егін жинау науқанына қатыстыру үшін жөндеуден өткізіп жатыр. Облысқа 5,3 мың тонна жанар-жағармай әкелу келісілсе, соның 1,9 мың тоннасының қаржысы төленді. Жергілікті операторлар әзірге 1,5 мың тоннасын жеткізіп берді.

– Арзандатылған дизель отынының литрі шаруашылықтарға 254 теңгеден таратылады. Шаруашылық құрылымдары қажетті тұқымдық материалдарымен толық қамтамасыз етілген. Егіске қажет 64,6 мың тонна минералдық тыңайтқыш пен 74,1 мың литр гербицид толық сатып алынды, - деп атап өтті басқарма өкілдері.

Бұған дейін біз Қызылорда облысында вегетациялық кезең күрделі жағдайда өтіп жатқанын, егінге қажетті су көлеміне сұраныс шегіне жеткенін жазғанбыз.