Қызылордалықтардың жер кезегі неге 20 жылдан бері жылжымады
ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда қалалық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің мәліметіне сүйенсек, облыс орталығында кезегін күткен 70 763 адам бар. Оның 2 387-сі 2005 жылы тіркелген.
Бүгінде сол тұрғындарға жер учаскелері табысталып жатыр. 2006 жылғы есептегі 11 509 адамның кезегі әлі басталған жоқ.
Ұлттық экономика министрлігінің 2015 жылғы 27 наурыздағы № 255 бұйрығымен бекітілген қағиданың 6-тармағына сәйкес жеке тұрғын үй құрылысына жер учаскесін сұраған азаматтардың өтініші арнайы есепке алынады.
Ол бөліп беруге арналған алаңдар дайын немесе жеке тұрғын үй құрылысына пайдаланылатын бос аумақтар болған кезде қанағаттандырылады.
— Қазіргі таңда Бәйтерек шағынауданы мен қаланың басқа да аумақтарынан жалдау мерзімі аяқталған 1 883 жер учаскесін кезекте тұрғандарға табыстауға мүмкіндік бар. Алайда, 2005 жылғы кезектегі азаматтардың жер алуға қызығушылығы төмен. Сол себепті 2005 жылғы кезекті аяқтау мүмкін болмай отыр. 2005 жылғы жер кезегіне тіркелген азаматтар жер учаскесін алу үшін egov.kz порталы арқылы қала әкімдігіне өтінішпен жүгінуі тиіс, — дейді қалалық әкімдіктің ауыл шаруашылығы және жер қатынастары бөлімінің басшысы Мейрамбек Әжібеков.
2021 жылдың наурыз айынан бастап egov.kz электронды үкімет порталында жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесін алуға кезекке тұру қызметі іске қосылды.
Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры ақпараттық жүйесі қолданысқа енгізіліп, 2005 жылдан бастап кезекте тұрғандар тізімі осы жүйеде көрініс тапты.
Еgov.kz электронды порталы арқылы кезекке тұрып, оның реттілігін map.gov4c.kz сайтынан көруге болады.
Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелеріне құқықтар беру қағидасының талабына сәйкес жергілікті атқарушы органның сұранымы бойынша қайтыс болған, басқа жерге көшіп кеткендер автоматты түрде тізімнен шығарылады.
Оның реттік нөмірі өзінен кейінгі адамға автоматты түрде беріледі. Кейінгілердің реттік нөмірі де осылай өзгереді.
Жер заңнамасының талабына сәйкес жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесі уақытша өтеулі жер пайдалану (жалдау) құқығымен 3 жыл мерзімге табысталады.
Жер кодексінің 37-бабы бойынша өз міндетін тиісінше орындаған уақытша жер пайдаланушы кодекстің 44-бабының 2-бөлігінде көзделген тәртіппен жаңа мерзімге шарт жасасуға құқылы.
Шарт мерзімі аяқталғанға дейін жер учаскесін игермеген жағдайда жер учаскесі мемлекет меншігіне қайтарылады.
Егер жер учаскесі жеке тұрғын үй құрылысына пайдаланылмаса, жалдау мерзімін ұзарту немесе жеке меншікке табыстау мүмкін болмайды.
— 2024 жылдан бері жер учаскесін игермеуіне және жалдау мерзімінің аяқталуына байланысты 331 телім мемлекет қорына қайтарылды. 2024 жылы 58 жер учаскесі табысталып, 184 учаскенің жалдау мерзімі ұзартылды. Игерілмеген және жалдау мерзімі аяқталған 315 жер учаскесі мемлекет қорына қайтарылды. Тұрғындардың мұқтаждығын қамтамасыз ету мақсатында Бәйтерек шағынауданынан көлемі 150 гектар егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы бойынша - 1 267, жалдау мерзімі аяқталған - 1 883, бас-аяғы 3 150 жер учаскесін кезек бойынша табыстауға мүмкіндік бар, — дейді Мейрамбек Әжібеков.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, биыл Қызылорда қаласының бас жоспары қайтадан бекітіледі. Оған қала маңындағы саяжайлар да қосылмақ.