Қызылорда облысының қалалары мен аудан орталықтары газбен қамтылған

Фото: Қызылорда облысының әкімдігі

Қызылорда облысының барлық аудан орталығы мен 4 қала, 19 елді мекен табиғи газға көшірілді. Бұл туралы облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев елордада есептік кездесуінде айтты, деп хабарлайды Kazinform.

«Облысымыздағы барлық аудан орталығы мен 4 қала (Арал, Қызылорда, Байқоңыр, Қазалы), 19 елді мекеніміз табиғи газдың игілігін пайдалануда. Биыл 12 ауылдық елді мекенімізге газ кіргізілуде. Осылайша өңірімізде тұрғындарды газбен қамту көрсеткіші 75 пайызға жетеді», - деді Нұрлыбек Нәлібаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Әкімнің айтуынша, келер жылға жоспарланған 4 млрд теңгеге 12 елді мекен көгілдір отынмен қамтамасыз етіледі. 2024 жылдың соңында газдандырылу деңгейі 78 пайызға жетеді.

Сондай-ақ, облыс халқының 98,1% орталықтандырылған ауыз сумен қамтылған. Келер жылы 4 млрд теңгеге ауқымды 4 жоба жүзеге асырылады. Нәтижесінде 2025 жылы облыста орталықтандырылған ауыз сумен қамту мәселесі түбегейлі шешіледі.