Қызылорданың футбол орталығын кім басқаратыны белгілі болды

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Білікті бапкер Сұлтан Әбілдаев бүгіннен бастап Қызылордадағы «Қайсар» футбол орталығының жетекшісі қызметіне кірісті.

Фото: " Қайсар" ФК

«Қайсар» футбол клубының баспасөз қызметі хабарлағандай, ол бұған дейін балалар футболын дамыту мақсатында тәжірибе жинақтаған маман ретінде танымал.

— Сонымен қатар «Қайсар» футбол клубының бас бапкері қызметін атқарған. PRO санатындағы жаттықтырушы. Сұлтан Тоқатайұлына футбол орталығының жұмысын жүйелі дамыту, жас футболшыларды тәрбиелеу, резерв дайындау ісін жаңа деңгейге көтеру сияқты тапсырмалар жүктелді, — делінген хабарламада.

Осы күні сонымен қатар футбол орталығының үйлестірушісі қызметіне Медет Дүзбаев тағайындалды.

Фото: " Қайсар" ФК

Еске салайық, бүгін «Қайсар» футбол клубының басқарушы директоры болып Бақытжан Пазылхайыр тағайындалды.