Әкімнің айтуынша, облыста білім беру саласына соңғы 3 жылда 812 млрд 245 млн теңге бөлінді. Биыл 346 млрд 800 млн теңге қарастырылған.
— Соңғы үш жылда 5 млрд 300 млн теңгеге 15 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биыл бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 2 млрд 400 млн теңге бөлініп, 9 мектеп қайта жаңғыртудан өтті. Президент тапсырмасына сәйкес алдағы үш жылда өңіріміздегі 51 мектеп күрделі жөндеуден өтеді, — деді облыс әкімі.
Кәсіпкерлердің демеушілігімен Арал ауданы Тоқабай ауылындағы апаттық мектептің орнына 500 млн теңгеге жаңа білім ордасы салынды.
«Білімді қолдау қоры» арқылы 2 млрд 333 млн теңгеге Мергенсай ауылында салынған 150 орындық мектеп жақын күндері пайдалануға беріледі. Осы қор есебінен 8 млрд 400 млн теңгеге физика-математика бағытындағы «Білім-инновация» лицей-интернаты салынды.
Сонымен бірге, 11 млрд теңгеге балалар мен жасөспірімдерге арналған «Сыр жұлдыздары» академиясы ашылды. Академияда 6 бағыт бойынша 52 үйірме жұмыс істейді. Онда үлкен және кіші бассейндер, спорт-жаттығу, пәндік, робототехника, компьютерлік модельдеу және шығармашылық кабинеттер бар. Бұдан бөлек, ауласында футбол, волейбол, баскетбол, балалар ойын алаңдары жұмыс істейді. Академия күніне 3 мың балаға дейін қызмет көрсетеді.
— Облыста 3 млрд теңгеден астам қаржыға Жалағаш, Жаңақорған, Шиелі аудандарында Оқушылар үйі мен Өнер мектептері салынып, пайдалануға берілді. «ҚазМұнайГаз» демеушілігімен Қызылорда қаласында 2 млрд 500 млн теңгеге заманауи үлгідегі 350 орындық Оқушылар сарайы салынған. Оған қоса, 4 млрд 800 млн теңгеге Музыкалық колледждің жаңа оқу ғимараты мен жатақханасы тұрғызылды, — деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Президент саябағында 10 млрд теңгеге 300 орындық жыл бойы жұмыс істейтін заманауи балалар тынығу лагері бой көтеруде. Онда 5 млрд теңгеге Ботаникалық білім беру орталығының ғимараты салынып жатыр.
Бұған дейін өңір әкімі Қызылорда облысында жақсы жағдайдағы жолдар үлесі 95% асқанын айтқан еді.
Ал Қызылорда қаласында көпқабатты үйлерді ыстық сумен қамтуға 26 млрд теңге бөлінді.