Қызылорданың түзеу мекемесінде 21 кәсіпкер 600-дей жазасын өтеушіні жұмыспен қамтып отыр

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты № 60 мекеменің өндірістік аймағында 21 кәсіпкер өз ісін дамытып, 600-дей сотталған адамды жұмыспен қамтып отыр.

Фото: Қызылорда облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаменті

Департаменттің баспасөз қызметі хабарлағандай, сотталғандардың қолынан шыққан өнімдер облыс аумағына ғана емес, еліміздің өзге өңірлеріне де жөнелтіледі. 

— Бүгінде олар дәнекерлеу цехында су бөгеттеріне арналған, су ағынын реттейтін шлюз құрылғыларын жасап жатыр. Темір бұйымдар өндіретін жеке кәсіпкердің өндірісінде 90-ға жуық адам еңбек етеді. Былтыр алғаш рет 5-6 метрлік шлюздер құрастырса, биыл сұраныс артып, 400-ге дейін 2-3 метрлік шлюз өндіріп жатыр, — делінген хабарламада.

Жазасын өтеушілер сонымен қатар мекеме аумағына арналған темір қоршау және жәшік, мобильді кеңсе, мал бордақылауға арналған жылжымалы қора, темір астау, тербелмелі орындықтар жасайды.

Жеке кәсіпкер Орынбасар Бодықов сотталған азаматтарға кәсіптің қыр-сырын үйрету үшін арнайы мамандар тартқанын айтты. 

— Өнімнің алғашқы легі Жамбыл облысына жіберілді. Қазіргі кезде Алматы облысынан да тапсырыс түсіп жатыр. Бір ай ішінде 100-ден астам шлюз құрастырамыз, — деді ол. 

Еске салайық, Қызылорда облысында өткен жылы 70-ке жуық жазасын өтеуші отбасын құрды.