Қызылорданың жылу маусымына дайындығы қалай

Фото: Қызылорда облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда облысындағы жылумен қамту нысандарын жаңғырту үшін биыл 13,5 млрд теңге бөлінді. Бұл туралы облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы хабарлады.

Оның ішінде Қызылорда жылу электр орталығындағы 3 бу қазандығын жаңғырту жұмысын аяқтауға Үкімет резервінен 2,5 млрд теңге, жергілікті бюджеттен 1,3 млрд теңге бағытталды.

— Бүгінгі күні құрылыс қызу. Бу қазандықтары алдағы жылу беру маусымына дайын болады. Жергілікті бюджет пен кәсіпорын қаржысы есебінен 1 генератор, 1 күштік трансформаторды жаңғырту, 10 бу қазандығы, 21 автономды қазандық жөнделеді. Жұмыстың 66%-ы орындалды — делінген хабарламада.

Фото: Қызылорда облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы

Сондай-ақ 7,4 млрд теңге қаржы есебінен 8,7 шақырым жылу желілері жаңғыртылады. Нәтижесінде жылу желілерінің тозу деңгейі 42%-дан 40%-ға төмендейді.

— Облыс аумағында 1 079 әлеуметтік нысан бар. Оның ішінде 6 мектеп, 9 медициналық нысан толық жөнделеді. Кезекті жылу беру маусымына 139,3 мың тонна көмір қажет. Қазіргі кезде қала және аудан әкімдіктерінің операторлармен келісіміне сәйкес көмір кесте бойынша жеткізіліп жатыр, — делінген хабарламада.

Басқарма өкілдері жылу маусымына әзірлік тұрақты бақылауда екенін атап өтті. 

Ал кеше Энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов ел аумағындағы жылу маусымына дайындық жұмысы туралы  айтып берді.