Қызылша қайта өршіді: Санитариялық бақылау комитеті ата-аналарға үндау жасады
АСТАНА. KAZINFORM – Денсаулық сақтау министрлігі Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті елдегі қызылша бойынша қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайға байланысты үндеу жасады.
- 2025 жылдың қорытындысы бойынша қызылшаға шалдығу деңгейі алдындағы жылмен салыстырғана 85%-ға төмендеді. Соған қарамастан өткен жылдың қараша айынан бастап аурудың тарауы қайта өсе бастағаны байқалып отыр.
Алаңдатарлық жайт – науқастардың басым бөлігін екпе алмаған балалар құрайды. Ауруға шалдыққандардың 79%-ы қызылшаға қарсы мүлде вакцина алмаған, ал 8%-дан астамы вакцинацияның толық курсын өтпеген.
Сырқаттанған балалардың 59%-ы ата-аналардың вакцинациядан бас тартуына байланысты егілмеген, - делінген хабарламада.
Сондай-ақ онда санитариялық-эпидемиологиялық қызмет барлық қажетті профилактикалық және індетке қарсы іс-шараларды қабылдап жатқаны айтылған. Алайда эпидемиологиялық жағдайды толық тұрақтандыру әзірге мүмкін болмай отыр. Қазіргі таңда инфекцияның таралуының негізгі себебі ата-аналардың балаларын вакцинациялаудан бас тартуы болып отыр.
Тек 2025 жылдың өзінде профилактикалық егулерден 19 мыңнан астам адам бас тартқан. Бұл ұжымдық иммунитеттің төмендеуіне және қызылша бойынша жағдайдың нашарлауына әкелді.
- Құрметті ата-аналар, есте сақтаңыздар: қызылша – ең жұқпалы вирустық аурулардың бірі. Егілмеген жағдайда ол пневмонияға, жүйке жүйесінің зақымдалуына, мүгедектікке, тіпті өлімге дейін алып келуі мүмкін. Қорғанудың жалғыз сенімді жолы – вакцинация. Қызылшаға қарсы екпе жақсы қабылданады, ұзақ мерзімді иммунитет қалыптастырады және инфекцияның өзінен де, оның ауыр салдарларынан да тиімді қорғайды. Балаларыңыздың денсаулығы мен болашағы – өз қолдарыңызда. Оларды сенімді қорғаныстан айырмаңыздар. Вакцинация – тек өз балаңыздың ғана емес, айналаңыздағы адамдардың денсаулығы үшін де жауапкершілік, - дейді мамандар.
Осыған дейін денсаулық сақтау министрлігі қызылша өршіп тұрған өңірлерді атаған болатын.