Қызылшамен күрес: Түркістан облысына Үндістанда жасалған 14 700 доза вакцина жеткізілді
Түркістан облысына Үндістанда өндірілген 14 700 доза вакцина жеткізілді, деп хабарлайды Kazinform.
Қазіргі таңда облыста қызылша аурушаңдығы бойынша эпидемиологиялық жағдай күрделі. Жыл басынан бері 1874 ошақтан 2010 күдікті жағдай тіркеліп, оның 682-сі зертханалық тексерумен дәлелденіп отыр. Сондай-ақ, 59 оқушы мен 58 балабақша тәрбиеленушісі инфекция жұқтырғаны анықталған.
«Зерделеу жұмыстарының нәтижесі бір үйден бірнеше баланың қызылша жұқтыру фактісі тіркелгенін көрсетіп отыр. Сондықтан ауырған науқасты оқшаулап, жеке бас гигиенасының сақталуын қатаң қадағалау қажет. Түркістан облысына Үндістанда өндірілген 14 700 доза вакцина келді. Бүгінгі таңда екпелер барлық емдеу мекемелеріне жеткізілді. Жалпы өңірде 12038 бала қызылшаға қарсы қосымша екпе алды. Бұл вакцина алуға тиісті балалардың 6,5 пайызы»-деді, Түркістан облысының Санитарлық эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Н. Нышанов.