Қызымның атын Ясина деп қойдық - 20 миллионыншы тұрғынның әкесі

Ақмола облысының Бурабай ауданында дүниеге келген Қазақстанның 20 миллионыншы тұрғыны Ясинаның әкесі Айдар Исенов Kazinform тілшісімен қуанышын бөлісті. 

Фото: Ақмола облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

Айдардың айтуынша, бұл — Исеновтар отбасындағы екінші бала.

— Екінші перзентіміз. Тұңғышымыз ұл бала, есімі Ділмұхамед, екі жаста. Жолдасым Динара 14 қараша сағат 08:10 босанды. Кейін маған өзі хабарласып, қыз туғанын және Қазақстанның 20 миллионыншы тұрғыны екенін жазды. Ұлдан кейін қызымның дүниеге келгеніне қатты қуандым. Бірақ, 20 млн-шы тұрғын  болғанына онша сене қоймадым, әзіл шығар деп ойладым. Ал таңертең маған ресми хабарлады. Сол кезде қуанышым одан сайын еселене түсті. Әлі де өз өзіме сене алмай отырмын, — деп қуанышын бөлісті Айдар.

Отағасының айтуынша, жаңа туған сәбиінің есімін Ясина деп қойған.

— Жұбайым екеуіміз ақылдаса келе қызымыздың есімін Ясина деп қойдық. Оны жолдасым жүкті болған кезде ақылдасып қойдық, — деп қосты Айдар.

Айдар мен Динара Бурабай ауданының Жасыл ауылында тұрады. Отағасы элеваторда жұмыс істесе, жұбайы мектепте бастауыш сынып мұғалімі.

«Жұмыстағы әріптестерім естіп, құттықтап мені перзентханаға шығарып салды. Онда адам көп, өзім не болғанын түсінбей қалдым. Әкім мен журналистерді көргенде тіптен абдырап қалдым. Облыс әкімі құттықтап, туу туралы куәлікті тапсырды, онда қызымның 20 миллионыншы тұрғын екені көрсетілген. Сондай-ақ, Отбасы банкінің 2 млн теңгелік сертификаты табысталды. Бұл — қызымның атына түсетін депозиттік ақша. Бұдан басқа да сыйлықтар болды. Осындай қуанышыма ортақтасқан адамдарға шынайы алғысымды айтамын. Қызым өсіп елдің белді бір азаматы болатынына сенем, — деп түйіндеді Айдар.

Айта кетсек, бұдан бұрын Щучье қаласындағы «Авиценна-Бурабай» ЖШС директоры Евгений Бекаев қазақстанның 20 млн-шы тұрғыны — қыз бала дүниеге келгенін жеткізген еді.