Қызының ұрланғанына 49 жыл: жапониялық ана Солтүстік Кореяға талап қойды

АСТАНА. KAZINFORM – Солтүстік Корея 1977 жылы 13 жасында ұрлап әкеткен жапон қызы Мэгуми Ёкотаның анасы арада 49 жыл өтсе де, қызын елге қайтару мәселесін шешуге шақырды. Қазір 90 жастағы Сакиэ Ёкота қызының тағдырына әлі де алаңдайтынын айтты. Бұл туралы Kyodo News агенттігі жазды.

Фото: Kyodo News

Мэгуми Ёкотаның анасы бұл мәлімдемені сенбі күні бейнебайланыс арқылы қатысқан іс-шарада жасады. Жексенбі, 15 қарашада, оның қызының жоғалғанына 49 жыл толды. Мэгумиді 1977 жылғы 15 қарашада кешкісін Жапонияның Жапон теңізі жағалауындағы Ниигата префектурасында мектептен үйіне қайтып бара жатқан жерінен ұрлап әкеткен.

Іс-шараға қатысқан шамамен 700 адамның алдында Мэгумидің інісі Тэцуя мәселені шешу үшін екі ел басшылары деңгейінде келіссөз жүргізудің маңызын атап өтті.

– Бұл – жұмыс деңгейіндегі емес, жоғары деңгейдегі кездесулер арқылы шешілетін мәселе, – деді ол.

Жапония премьер-министрі Санаэ Такаичи жексенбі күні X әлеуметтік желісіндегі парақшасында барлық ұрланған азаматтың Отанына дереу оралуына мүмкіндік жасау өзінің «міндеті» екенін жазды.

Ол премьер-министр қызметінде болған кезеңде бұл мәселені шешуде «бетбұрыс жасауға» уәде беріп, Солтүстік Корея басшысымен саммит өткізуден үмітті екенін білдірді.

Жапония үкіметі 1970–1980 жылдары Солтүстік Корея ұрлап әкеткен 17 азаматты ресми түрде мойындаған. Олардың бесеуі 2002 жылы елге қайтарылды. Сонымен қатар Токио Солтүстік Кореяны басқа да көптеген адамның жоғалуына қатысы бар деп айыптайды.

Елге қайтарылған бес азаматтың бірі – 67 жастағы Хитоми Сога. Ол өзімен бірге ұрланған анасы Ёсидің оралуын әлі күтіп жүр.

– Оның әр күнін қалай өткізіп жатқанын ойласам, жанымды қоярға жер таппаймын, – деді ол іс-шарадан кейін журналистерге.

Сондай-ақ ол анасының елге оралуын тілеп, дұға етуді жалғастыратынын айтты.

Айта кетейік, адамдар неліктен із-түзсіз жоғалып кететінінің әлеуметтік және психологиялық себептері жайлы жазып едік.