Аукциондағы автомобильдер: Қызметтік көліктерді алудың артықшылығы мен кемшілігі

АСТАНА. KAZINFORM — Жаңа көлік автосалоннан шыққан сәтінде 20-30% құнын жоғалтады. Осы себепті кейбір адамдар екінші нарықтан алғанды құп көреді. Ал көлікті ұзақ уақыт өзі мінуді жоспарлайтындар жаңалай алғанды жөн санайды. Қалай дегенмен де, екі нарықтың да өз аудиториясы, сатып алушысы бар. Екінші нарықты таңдайтындардың ішінде мемлекеттік аукцион арқылы сатылатын қызметтік көліктерді алудың көзін тапқан топ бар. Алайда бұл тиімді шешім бе? Арзан бағаның артында қандай жасырын шығын жатуы мүмкін? Kazinform тілшісі мәселені зерттеп көрді.

Коллаж: Kazinform/ Nano Banana

Бір қарағанда бұл жол тиімді көрінеді. Мемлекеттік органдар пайдаланған көліктер ашық саудаға шығарылады, бағасы да нарықтағыдан төмен.

Соңғы бес жылда Қазақстанда мемлекеттік органдар мен республикалық заңды тұлғалардың балансындағы 3500-ден астам көлік аукцион арқылы сатылып, бюджетке 5 млрд теңгеден астам қаражат түскен. Бұл — бір жағынан мемлекеттің ескі автопарктен арылу тәсілі болса, екінші жағынан азаматтар үшін нарық бағасынан төмен көлік сатып алудың мүмкіндігі.

Әйтсе де, мемлекеттік аукцион төңірегінде пікір екіге жарылады. Бірі мұндай саудадан жақсы көлікті арзан бағаға алуға болады десе, енді бірі бұрын мемлекеттік қызметте жүрген техниканың жасырын ақаулары кейін қымбатқа түсетінін айтады.

Аукционнан көлік алғандар не дейді?

Астана тұрғыны Жұмахан Алихан мемлекеттік аукцион арқылы көлік сатып алып көргендердің қатарында. Оның айтуынша, дұрыс таңдау жасай білсе, аукционнан нарықтағы бағадан арзан көлік алуға мүмкіндік бар.

— Жақында аукционнан көлік алдым. Мамандардың көмегімен қатысып, Chevrolet Cobalt көлігін 3 млн 470 мың теңгеге ұтып алдым. Ал нарықтағы бағасы шамамен 4,5 млн теңге болатын. Кейін оны 4 млн теңгеге саттым. Егер жанымда кеңесші болмағанда, мұндай тиімді бағада ала алмас едім, — дейді ол.

Жеке мұрағатынан

Оның сөзінше, аукциондағы барлық көлік бірдей тиімді емес. Сондықтан сатып алмас бұрын техникалық жағдайын мұқият тексеру қажет.

— Жақсы нұсқалар көп деп айта алмаймын. Арасында жол апатына түскен немесе техникалық жағдайы нашар көліктер де болады. Арзан алдым деп қуанып, кейін жөндеу жұмыстарына одан да көп ақша жұмсап қоюың мүмкін. Сондықтан көліктің шанағын, бояу қабатын, техникалық жағдайын толық қарап шығу керек, — дейді Жұмахан Алихан.

Аукционнан көлік алып, опық жеген жандар да жоқ емес. Біз осындай оқиға басынан өткен бірнеше кейіпкерді таптық. Алайда олар өздерінің сәтсіз саудасының қыр-сырымен бөліскісі келмеді. Сондықтан оқырман қауымға тек әлеуметтік желідегі пікірлер төңірегінде дерек келтіргенді жөн көрдік. Ал мұндағы пікірлер аукцион төңірегіндегі көзқарастың әртүрлі екенін көрсетеді.

Бір қолданушы «Мен кіріп көрдім, көбіне ескі машиналар» деп жазса, енді бірі «Мемлекеттік көліктердің арасында жақсы машина болмайды, көбіне тозған техникалар шығарылады» деген пікір қалдырған.

Коллаж: Kazinform

Сондай-ақ кейбір азаматтар мұндай көліктердің қауіпсіздігіне күмән келтіреді.

«Есептен шығарылған көліктерді утилизацияға жіберу керек. Ондай көліктер ертең жол-көлік оқиғаларына себеп болуы мүмкін», — деп жазады желі қолданушыларының бірі.

Тағы бір пікір иесі аукциондағы кейбір көліктердің кейінгі жөндеу шығыны қымбатқа түсуі мүмкін екенін айтқан.

«Арзан болғанымен, кейін қосалқы бөлшектері мен жөндеуіне қомақты қаржы кетеді», — дейді ол.

Мемлекет неге қызметтік көліктерден құтылады?

Қаржы министрлігінің мәліметінше, мемлекеттік органдар көліктерді бірнеше жағдайда аукционға шығарады. Олардың қатарында артық қалған, темірі тозған, жөндеуге кететін автомобильдер бар.

Тәжірибе көрсеткендей, аукционға көбіне пайдалану мерзімі 13-15 жылдан асқан көліктер қойылады. Сонымен қатар жол-көлік оқиғасына түскен немесе күрделі жөндеуді қажет ететін техникалар да сатылымға шығарылуы мүмкін.

Қазақстан өнеркәсіптік инвесторлар одағының президенті Қайрат Еламановтың айтуынша, мемлекеттік органдардың автопаркті мерзімді түрде жаңартып отыруы — қалыпты тәжірибе.

— Мемлекеттік органдар қазір негізінен Қазақстанда шығарылған көліктерді сатып алады. Белгілі бір пайдалану мерзімінен кейін автопарк жаңартылады, ал бұрын қолданылған көліктер аукцион арқылы өткізіледі. Бұл халықаралық тәжірибеде де бар механизм. Ең бастысы — көлікке техникалық қызмет көрсетудің уақтылы жүргізілуі, — дейді ол.

Фото: Жеке мұрағатынан

Сарапшының пікірінше, көліктің жылы ұлғайған сайын оны ұстау шығыны да арта береді. Сондықтан белгілі бір кезеңнен кейін техниканы ауыстыру оны жөндеу жұмыстарын қаржыландыра бергеннен көрі тиімді болуы мүмкін.

Мемлекеттік көліктер қайда және қалай сатылады?

Мемлекеттік көліктерді сатып алу үшін арнайы байланыс немесе таныс қажет емес. Барлық сауда электронды форматта өтеді.

Аукциондар мемлекеттік мүлік тізілімінің E-Qazyna веб-порталында ұйымдастырылады. Қатысу үшін азаматқа ЭЦҚ қажет.

Фото: веб-порталдан скрин

Негізгі талаптар:

  • қатысушы ЭЦҚ арқылы тіркелуі тиіс;
  • кепілдік жарна төленеді;
  • кепілдік жарна мөлшері бастапқы бағаның 15 пайызын құрайды;
  • аукцион толық электронды форматта өтеді;
  • кез келген азамат немесе мемлекеттік емес заңды тұлға қатыса алады.

Қаржы министрлігінің мәліметіне сәйкес, бір адамның сатып алатын көлік санына шектеу қойылмаған.

Сарапшы кеңесі

Мемлекеттік аукциондармен алты жылдан астам уақыт айналысып келе жатқан Дәулет Мәдениетовтің айтуынша, мұнда кей жағдайда нарықтағы бағадан бірнеше есе арзан көліктерді кездестіруге болады.

Фото: Жеке мұрағатынан

— Нарықта 4-5 миллион теңге тұратын кейбір көліктер аукционда 500-600 мың теңгеден басталып жатады. Әрине, олардың жағдайы әртүрлі. Бірақ бәрі бірдей жарамсыз техника емес. Әкімдіктер мен министрліктер пайдаланған Kia Cadenza сияқты көліктердің арасында жақсы сақталған нұсқалар жиі кездеседі, — дейді ол.

Сонымен бірге сарапшы сатып алушыларға тек төмен бағаға қызығып кетпеуге кеңес береді.

Фото: Жеке мұрағатынан

Өйткені аукционға жол апатына түскен немесе күрделі жөндеуді қажет ететін көліктер де қойылады. Сондықтан лотты ұтып алмас бұрын техникалық жағдайын мұқият тексеру маңызды.

— Әр көліктің жанында баланс ұстаушы ұйымның байланыс нөмірі көрсетіледі. Алдын ала хабарласып, барып көруге болады. Жүргізіп көруге рұқсат бермеуі мүмкін, бірақ оталдырып, негізгі тораптарын тексеруге мүмкіндік бар. Аукционға қатысар алдында қандай бөлшектерді ауыстыру керек екенін есептеп алу қажет, — дейді Д. Мәдениетов.

Оның сөзінше, қазіргі таңда Toyota Camry, Hyundai және Kia маркаларына сұраныс жоғары.

Қайрат Еламанов та көліктің техникалық тарихын тексеру маңызды екенін айтады.

Фото: Жеке мұрағатынан

— Қай жерде қызмет көрсетілді, техникалық қызмет көрсету мерзімдері сақталды ма, кузовы мен жүріс бөлігі қандай жағдайда — осының бәрін зерттеу керек. Қазір мұндай ақпаратты тексеруге мүмкіндік беретін сервистер жеткілікті, — дейді сарапшы.

Қызметтік көліктерге сұраныс қандай? 

Сандар мемлекеттік аукциондарға қызығушылықтың жоғары екенін көрсетеді.

Қаржы министрлігінің мәліметінше, 2020 жылдан бері мемлекеттік органдар мен республикалық ұйымдардың балансындағы 3500-ден астам көлік сатылған.

Коллаж: Kazinform/ Nano Banana

Олардың орташа бағасы шамамен 1,4 млн теңгені құрайды. Алайда кейбір лоттар үшін бәсеке қызу.

Мәселен 2020 жылы Mercedes-Benz S400 4Matic көлігінің бағалау құны 4,7 млн теңге болса, аукцион барысында ол 17,9 млн теңгеге дейін көтерілген.

Ал 2023 жылы Bentley Bentayga W12 жол талғамайтын көлігі 46,3 млн теңгеге сатылған.

Дәулет Мәдениетовтің айтуынша, кейбір аукциондарға орта есеппен 5-6 адам қатысса, жекелеген көліктер үшін 40-50 адамға дейін таласады.

— Кейде тәжірибесі жоқ қатысушылар эмоцияға беріліп, көліктің бағасын шектен тыс көтеріп жібереді. Содан кейін ұтып алған соң сатып алуға мәжбүр болады немесе кепілдік жарнасынан айырылып қалады, — дейді ол.

Сарапшылардың пікірінше, кей көліктердің бастапқы бағадан бірнеше есе қымбат сатылуының басты себебі — сирек модельдерге деген сұраныс пен қатысушылар арасындағы бәсеке.

Ашықтық мәселесі: «өз адамдарына» өткізу қаупі бар ма?

Мемлекеттік аукциондарға қатысты жиі көтерілетін сұрақтың бірі — ашықтық мәселесі.

Қаржы министрлігі барлық рәсімнің электронды форматта жүргізілетінін мәлімдейді. Өтінім беру, кепілдік жарна төлеу, сауда жүргізу, жеңімпазды анықтау және шартқа қол қою процестері толық автоматтандырылған.

Сондай-ақ аукцион аяқталғанға дейін қатысушылардың жеке деректері мен олардың саны ешкімге көрінбейді.

Ведомствоның түсіндіруінше, адамның қатысуынсыз, автоматты түрде жеңімпаз анықталады. Алайда сарапшылар кез келген электронды жүйе тұрақты бақылауды қажет ететінін айтады.

Қайрат Еламановтың пікірінше, электронды аукцион тәуекелдерді айтарлықтай азайтқанымен, жүйенің ашықтығын сақтау үшін қоғамдық бақылау мен тұрақты аудит маңызды болып қала бермек.

Арзан көлік пе, әлде қосымша шығын ба?

Аукциондағы көліктің бастапқы бағасы тартымды көрінгенімен, сатып алушы кейінгі шығындарды да есепке алуы керек.

Сарапшылардың айтуынша, негізгі тәуекелдер — жасырын техникалық ақаулар, қосалқы бөлшектердің құны және жөндеу жұмыстары.

Коллаж: Kazinform/ Nano Banana

Сондықтан сатып алу туралы шешім қабылдамас бұрын көлікті толық зерттеу, оған техникалық сараптама жасату және ықтимал жөндеу шығындарын есептеу қажет.

Бір сөзбен айтқанда, мемлекеттік көлік аукционы — біреулер үшін тиімді мүмкіндік, енді біреулер үшін тәуекелге толы сауда.