КҚК арқылы Қазақстан мұнайын айдау көлемі қысқара ма
АСТАНА. KAZINFORM – Күні кеше дрон шабуылына ұшыраған Каспий құбыр консорциумы төңірегінде қарама-қайшы ахуал туындап отыр. Нақтырақ айтқанда, ақпаратта әркелкілік бар.
Каспий құбыр консорциумының «Кропоткинская» мұнай айдау стансасы дрон шабуылына ұшырағаннан кейін еліміздің Энергетика министрлігі Қазақстан мұнайы үшін КҚК тарапынан еш шектеу жоқтығын, мұнайды қабылдау штаттық режимде жүзеге асырылып жатқанын мәлімдеген еді.
Алайда, ресейлік «Транснефть» компаниясының ресми сайтында жарияланған ақпаратта Қазақстан тарапынан мұнай айдау көлемінің қысқаруы мүмкін екендігі айтылады.
- КҚК мамандарының пайымынша, аталған соққы салдары 1,5 айдан 2 айға дейінгі уақытта жойылады. Бұл Қазақстаннан мұнай көлемін шамамен 30 пайызға төмендетуге алып келуі мүмкін, - делінген компания ақпаратында.
Осы жайтқа байланысты БАҚ өкілдері еліміздің Энергетика министрлігінің баспасөз қызметіне жүгінген еді. Ведомство «қазіргі уақытта аталған мәселенің барлық мән-жайы анықталып жатқанын, ақпарат анықталғанда бірден түсініктеме берілетіндігін алға тартады.