КҚК-ге шабуылдан Қазақстан 500 млн доллар кірістен қағылуы мүмкін - сарапшы

Фото: atameken.kz

АСТАНА. KAZINFORM – Каспий құбыр консорциумына дронмен шабуыл салдарынан Қазақстан 500 млн долларға дейін кірістен қағылуы мүмкін. Мұндай деректі мұнай-газ саласының сарапшысы Асылбек Жәкиев ұсынып отыр.

- Бұл - еліміз үшін қауіпті, қиын жағдай. Өйткені Қазақстан мұнайы экспортының 80 пайызы Каспий құбыр консорциумы арқылы сыртқы нарыққа шығарылады. Біздің есебіміз бойынша, қаржы жағынан 250 млн доллардан 500 млн долларға дейін елімізге шығын келеді. Қазіргі уақытта құбыр операторлары өндіріс жоспарын қайта қарастырып жатқаны белгілі. Болжам бойынша Қазақстан мұнайының экспорт көлемі 30 пайызға қысқаруы ықтимал, - деді ол агенттік тілшісіне.

Осы орайда, сарапшы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2 жыл бұрын Атырауға сапарында жер астында мұнай сақтайтын резервуарлар салу тапсырмасын бергенін еске алады. Оның атап өтуінше, бүгінде елімізде мұндай ірі резервуар жоқ. Ал болған жағдайда түрлі төтенше оқиғалар кезінде өндірілген мұнайды жер астына қайта айдап сақтап қоюға болар еді.

Сондай-ақ сарапшы бұл оқиғаға байланысты Қазақстан Үкіметінің қатаң ұстанымы болуы тиістігін айтады.

- Бұл мәселеге орай Сыртқы істер министрлігі пікір білдірді. Бірақ, меніңше, Қазақстан Үкіметінің қатаң ұстанымы болуы тиіс. Украина басшылығына шығып, болашақта мұндай оқиғалардың қайталанбауы керектігін қатаң түрде ескертуі қажет, - деді Асылбек Жәкиев.

Естеріңізге сала кетсек, 17 ақпанда Каспий құбыр консорциумының «Кропоткинская» мұнай айдау стансасына дронмен шабуыл жасалды. 

Осыдан кейін еліміздің Энергетика министрлігі Қазақстан мұнайы үшін КҚК тарапынан еш шектеу жоқтығын, мұнайды қабылдау штаттық режимде жүзеге асырылып жатқанын мәлімдеген еді.

Алайда, ресейлік «Транснефть» компаниясының ресми сайтында жарияланған ақпаратта Қазақстан тарапынан мұнай айдау көлемінің қысқаруы мүмкін екендігі айтылады. 

18 ақпан күні Ресей Тергеу комитеті Каспий құбыр консорциумының азаматтық нысандарына жасалған шабуыл фактісі бойынша қылмыстық іс қозғағаны белгілі болды.