КҚК толық қуатында жұмыс істеп тұр — Энергетика министрі

Фото: Үкімет

АСТАНА. KAZINFORM — Қазір Каспий құбыр консорциумы (КҚК) толық қуатында жұмыс істеп тұр. Бұл туралы Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов мәлім етті. 

— Қазіргі кезде КҚК екі құрылғымен (ВПУ) жұмыс істеп тұр. Жексенбі күні жөндеуден кейін № 3 құрылғысын іске қостық. Күн райына байланысты оны тез арада жөндей алмадық. Қара теңізде қыс мерзімінде қатты дауылдар болды, толқындардың биіктігі 2,5 метрден асады, — деді Ерлан Ақкенженов.

Министр № 1 және № 3 құрылғылары қазір тұрақты жұмыс істеп тұрғанын, ал шабуылдан кейін № 2 құрылғы жартылай қалқымалы күйде екенін айтты.

— Ол жартылай суға батқан күйінде тұр. Мен бұған дейін оның қаңқасы бұзылғанын айтқанмын. Сондықтан күн райына байланысты оны қалпына келтіре алмадық, — деп түсіндірді ол.

Бұл тұрғыда Энергетика министрлігі Араб Әмірліктерінен екі құрылығыны жеткізуге тапсырыс берген. Оларды жеткізу мерзімі шамамен 30 күн. 

— Әрі қарай, оларды орнату және істен шыққандарын бөлшектеу жұмыстары жүргізіледі, яғни бұған 40 күндей уақыт керек. Жалпы алғанда, екі жаңа құрылғыны орнатуға 70 күн кетеді. Осыдан кейін КҚК-да үш құрылғы толық күшінде жұмыс істеп тұрады, — деді министр.

Еске салсақ, былтыр қараша айында Ресейдің Новороссийск маңындағы Каспий құбыр консорциумының (КҚК) теңіз терминалына экипажсыз қайықтармен жасалған шабуыл салдарынан ВПУ-2 жүк тиеу-қабылдау құрылғысы зақымданды

Желтоқсан айында Энергетика министрлігі Каспий құбыр консорциумы (КҚК) инфрақұрылымына жасалған дрондық шабуылдардан кейін Қашаған кен орнынан өндірілетін мұнайдың экспорттық бағыттарын қайта қарауға кірісті