ККМ ағымдағы жылы жаңа 13 бағдар ашуды, әуе кемелері паркін 14 ұшақпен жабдықтауды көздеп отыр

АСТАНА. 27 қаңтар. ҚазАқпарат - ҚР Көлік және коммуникация министрлігімен Қазақстандағы ұшу қауіпсіздігін арттыру бойынша жүйелі түрде жұмыстар атқарылуда,

деп хабарлады аталмыш ведомоствоның баспасөз қызметінен. Бүгінде Қазақстанда әуе қозғалысына қызмет көрсету және ұшуды қамтамасыз етуші радиотехникалық жабдықтарын пайдалану ережелері іске қосылған. Сондай-ақ авиакомпанияларды тұрақты ішкі коммерциялық авиатасымалдарға қатыстырудың жаңа Ережелері бекітіліп, әуежайларды басқару жөніндегі бірыңғай оператор, Азаматтық авиация халықаралық ұйымының (ИКАО) авиациялық қауіпсіздік жөніндегі оқыту орталығы құрылды.

Азаматтық авиация комитеті авиациялық білімі және осы саладағы тәжірибесі бар білікті мамандармен толығымен жасақталған.

2013 жылдың желтоқсанында ИКАО институтының өкілдерімен Комитет қызметкерлерін оқыту үдерісі басталды. Бүгінгі күні олар «Тексеруді және сертификаттауды жүргізу әдістемесі», «Мемлекеттік инспекторлармен ұшуды жасаудың негізгі курстары» оқу курстарынан өтті. 2014 жылдың қаңтар-ақпан айларында Комитет қызметкерлері «Ұшуды жасаудың мемлекеттік инспекторы», «Ұшу жарамдығы бойынша мемлекеттік инспектор», «Ұшу жарамдығының мемлекеттік инспекторы және т.б. үшін негізгі курс» курстарына қатысады. Теориялық дайындықты өткен соң Комитет қызметкерлері ИКАО ТЫБ сарапшыларының жетекшілігімен жұмыс орнында сынақтан өтеді.

Одан басқа Министрлікпен әзірленген Қазақстан Республикасының Көлік инфрақұрылымын дамыту жөнінде 2020 жылға дейінгі Мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде әуежайлар инфрақұрылымын дамыту бойынша жұмыс жалғасуда. Талдықорған және Тараз қалалары әуежайларының ұшу-қону жолақтарын жаңғырту, Көкшетау әуежайының қайта жаңарту жұмыстары аяқталды.

Сонымен қатар 2013 жылы халықаралық әуе қатынасының саны өсті. Жоспарланған 78 орнына, бүгін ҚР 79 халықаралық авиабағдар жұмыс жасауда, соның ішінде былтыр іске қосылған 15 бар. Әуе кемелер паркін жаңартуда 2013 жылы дүниежүзілік өндірушілердің 13 ұшағы сатып алынды.

2014 жылы Астана, Алматы және Ақтау әуежайларында мүмкіндіктері шектеулі жолаушыларға қызмет көрсету стандарттарын енгізу жоспарлануда. 13 жаңа бағдар ашу жоспарланған, ал әуе кемелер паркі 2014 жылы 14 ұшақпен жабдықталады (4 магистралді және 10 аймақтық).