«Ағымдағы жылдың 1 шілдесінен бастап ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің бастамасымен қалалық (ауылдық) телефоннан халықаралық және ұялы байланыс операторларының абоненттеріне қоңырау шалу бірлігінің өлшемі 10 секундтан 1 секундқа дейін төмендеді. Бұрын қалалық телефоннан халықаралық бағытқа қоңырау шалу бірлігі 30 секундты құрап, абонент телефон арқылы сөйлескен 31 секундтың орнына 1 минуттың ақшасын төлейтін. Аталған тарифтеу бірлігінің төмендеуі IP-телефония операторлары үшін де жүргізіледі», - делінген баспасөз баянында.
Еске салсақ, тарифтеу бірлігінің алғашқы төмендеуі 2011 жылы ҚР Байланыс және ақпарат министрлігінің бастамасымен жүзеге асырылған болатын. Ол кезде ұялы байланыс абоненттері үшін желі ішінде және басқа желіге қоңырау шалу тарифінің бірлігі 1 секунд мөлшерінде бекітілді. Сонымен бірге, ұялы байланыс операторларының абоненттеріне шалынған қоңырауды қосу үшін бекітілген төлемақы алынып тасталды.
Анықтама: Ресей, Әзірбайжан, Тәжікстан және Беларус елдерінде ұялы байланыс операторлары үшін қоңырау шалулардың тариф бірлігінің өлшемі мемлекет ішінде 10 секундтан 60 секундқа дейінгі аралықты құрап отыр.
Украинада ұялы байланыс операторларының абоненттерінен халықаралық қоңырауларға белгіленген базалық тарифпен қатар, қоңырауды қосқаны үшін де төлемақы алынады. Белорус, Өзбекстан, Ресей, Қырғызстан, АҚШ, Ұлыбритания елдерінде белгіленген байланыс абоненттерінен (қалалық нөмірлер) қалааралық және халықаралық бағыттарға шалынған қоңыраулардың тарифтік бірлік өлшемі 60 секундты құрайды.