ККМ мен «ҚазАвтоТранс» АҚ өкілдері Петропавл және Көкшетауда АҚ филиалдарының ұжымдарында көшпелі жиналыстар өткізді

АСТАНА. Қыркүйектің 2-сі. ҚазАқпарат. Қыркүйектің 2-де Қазақстан Республикасы Көлік және коммуникация министрлігі «ҚазАвтоТранс» АҚ басшыларымен бірлесіп Петропавл және Көкшетау қалаларында акционерлік қоғам ұжымдарында көшпелі жиналыстар өткізді,

деп хабарлайды ККМ баспасөз қызметі.

Бұл жиналыстарды ұйымдастыруға себеп - жоғарыда аталған филиалдардағы мекеменің қиын қаржылық жағдайы болды. Соның ішінде, Петропавл қаласындағы АҚ филиалында 2007 жылдан 2010 жылға дейінгі аралықта 7 миллион теңгеден астам сомаға жалақы бойынша қарыз пайда болды. Үстіміздегі жылдан бастап аталған қарыз толығымен өтелген. Бірақ, салық және өзге де төлемдер бойынша 41 миллион теңгеден астам қарыздар бар.

«ҚазАвтоТранс» АҚ басқарма төрағасы Ғұмар Рақымжанов бүгінгі таңда қоғам мекемені дағдарыс жағдайынан шығарудың бірқатар жүйелі шараларын өткізгенін атап өтті. Оның ішінде қоғамның орталық аппараты пен оның филиалдарындағы қызметкерлер саны 2-3 есе қысқартылды. 2009 жылғы қараша айынан бастап кезеңмен жалақы бойынша қарыз өтелуде. Сонымен қатар, Петропавл қаласының әкімдігімен АҚ филиалының өндірістік базаларын қаланың коммуналдық меншігіне өткізу жөнінде келісімдер жүргізілуде.

Бүгінгі күні Петропавл және Көкшетау қалаларындағы қоғам филиалдары қызметкерлерінің жалақысы бойынша қарыз толығымен өтелген. Кезекте Павлодар, Семей, Астана және Солтүстік Қазақстан облысының Сергеевка поселкесіндегі филиалдар бойынша осындай жұмысты атқару көзделуде.

Көлік және коммуникация министрлігінің өкілі Бауыржан Әубәкіров қоғамның қаржылық жағдайы мен бұдан былайғы келешегі көлік ведомствосының тұрақты бақылауында екендігін атап өтті. Барлық филиалдар бойынша жалақы қарызын өтеу туралы мәселесі ерекше бақылауда.

Аталған филиалдар қызметкерлері қалыптасқан жағдай мен жағдайды түзеу бойынша АҚ басшыларының атқарып жатқан шараларына түсіністікпен қарайтындарын айтты.