ҚКП жоғары эшелонында өте сирек кадрлық ауыс-түйіс болды

Фото: Фото: zaobao.com.sg

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Қытай коммунистік партиясының (ҚКП) жоғары эшелонында өте сирек кездесетін кадрлық ауыс-түйістің болғаны туралы ақпарат тарады.

ҚКП ОК Біріккен майдан бөлімінің бұрынғы басшысы Ши Тайфэн ҚКП ОК Ұйымдастыру бөлімінің басшысы болып тағайындалса, ҚКП ОК Ұйымдастыру бөлімінің бұрынғы басшысы Ли Ганьцзе енді ҚКП ОК Біріккен майдан бөлімін басқарады. Бұл туралы Lianhe Zaobao басылымы хабарлады.

ҚКП Орталық комитетінің екі негізгі функционалдық бөлімінің басшыларының өзара ауысуы өте сирек құбылыс.

Айта кетерлік бір жайт, Ши Тайфэн мен Ли Ганьцзе екеуі де ҚКП ОК Саяси бюросының мүшесі және ОК Хатшылығының хатшысы.

Басылымның жазуынша, ҚКП ОК Саяси бюросы 31 наурыз күні ҚКП Бас хатшысы Си Цзиньпиннің төрағалығымен кеңес өткізген. Кеңесте кадрлық ауыс-түйіс мәселесі де қаралған.

Белгілі болғандай, кеңесте ҚКП ОК Ұйымдастыру бөлімі мен Біріккен майдан бөлімінің басшыларын өзара ауыстыру туралы шешім шығарылған. Ақпарат көздерінің берген мәліметіне сәйкес, партия ішінде өзара кадрлық ауыс-түйіс бұрыннан бар тәжірибе болғанымен, осыншама жоғары деңгейдегі жетекшілердің орнын тікелей ауыстыру өте сирек кездеседі. Сондықтан сарапшылардың өзі бұған жіп таға алмай, аң-таң қалып отыр.

Ұйымдастыру бөлімі, Үгіт-насихат бөлімі және Біріккен майдан бөлімі – ҚКП Орталық комитетінің үш негізгі функционалдық құрылымы. Ұйымдастыру бөлімі партияның ұйымдық және кадрлық саясатын жолға қойып, жоғары лауазымды шенеуніктердің жұмысын бағалауға, олардың лауазымдық қызметін реттеуге жауап береді. Сондықтан ол әрқашан ҚКП жүйесіндегі ең ықпалды функциялық құрылым саналады.

Біріккен майдан бөлімі – ҚКП-ның Біріккен майдан саясатына жауап беретін құрылым. Оның негізгі жұмысы — партия қатарында емес ықпалды тұлғалармен, оның ішінде Гонконг, Макао және Тайвань тұрғындарымен, діни қайраткерлермен, жеке кәсіпкерлермен байланыс орнату, оларды ортақ мақсатқа жұмылдыру.

2018 жылы Қытай Мемлекеттік кеңесінің Шетелдегі қытайлықтар ісі жөніндегі басқармасы, Ұлттық азшылықтар ісі жөніндегі мемлекеттік комиссия және Дін ісі жөніндегі ұлттық басқарма ОК Біріккен майдан бөліміне біріктірілді. Сөйтіп, бұл бөлімнің құзыреті мен мәртебесі айтарлықтай артқан болатын.

Қытай ЖИ-мен жабдықталған ұзақ қашықтыққа ұшатын аппарат шығарғанын жазған болатынбыз.