ҚҚС бойынша камералдық бақылау күшейтіледі: салық төлеушілер нені білуі керек

АСТАНА. KAZINFORM – 2026 жылғы қарашада салық есептілігінде қосылған құн салығы (ҚҚС) сомасын төмендеткен салық төлеушілерге камералдық бақылау хабарламалары жіберіледі. Бұл туралы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті хабарлады.

Фото: Мемлекеттік кірісітер комитеті

Хабарламалар электрондық шот-фактуралар (ЭШФ) деректері мен 300.00-нысан бойынша тапсырылған салық есептілігін автоматты түрде салыстыру нәтижесінде қалыптастырылады.

Атап айтқанда, ҚҚС асып кетуін қайтаруды талап еткен салық төлеушінің өнім берушісі сатылған тауарлар, жұмыстар мен көрсетілген қызметтер бойынша ҚҚС сомасын төмендеткені анықталса, оған тиісті хабарлама жіберілуі мүмкін.

Камералдық бақылау хабарламасын орындау мерзімі – 30 жұмыс күні.

Хабарламаны алған салық төлеуші анықталған алшақтықтармен келіскен жағдайда қосымша салық есептілігін тапсыруы керек. Ал келіспеген жағдайда бұзушылықтың жоқ екенін негіздеп, жазбаша түсіндірме жолдауы қажет.

-Мемлекеттік кірістер комитеті салық төлеушілерге электрондық шот-фактуралардағы деректердің 300.00-нысан бойынша салық есептілігіне сәйкестігін уақтылы тексеруге кеңес береді. Сондай-ақ камералдық бақылау хабарламаларына жедел ден қою қажеттігін ескертеді,-делінген хабарламада.

Егер хабарламада көрсетілген бұзушылықтар жойылмаса, Салық кодексінің нормаларына сәйкес мемлекеттік кірістер органдары салықтық тексеру жүргізуге құқылы.

Осыған дейін салық берешегін өндіріп алудың жаңа тәртібі туралы жаздық.