ҚҚС бойынша кімдер қашан есепке тұруы керек — Жаңа кодекс

Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Мемлекеттік кірістер комитеті жаңа Салық кодексі бойынша ҚҚС төлеуге кімдер міндетті екенін және қашан тіркелу қажеттігін түсіндірді.

Комитеттегі ҚҚС әкімшілендіру басқармасының басшысы Еділ Әзімшайықтың айтуынша, жаңа тәртіп 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді және есепке алудың 3 түрін — ерікті, міндетті, шартты есепке алуды қарастырады.

ҚҚС бойынша ерікті есепке тұру мүмкіндігі жылдық айналымы шекті мөлшерге жетпеген салық төлеушілерге ғана беріледі (10 мың АЕК, 2026 жылы – 43,2 миллион теңге). Алайда ҚҚС бойынша тіркеуден босатылғандар – мемлекеттік мекемелер, салық төлеуші мәртебесі жоқ шетелдік компаниялардың филиалдары, жеке тәжірибемен айналысатындар, арнайы салық режимдерін қолданатындар өз еркімен болса да тіркеуге тұра алмайды.

Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

Міндетті түрде есепке алу – жылдық айналымы 10 мың АЕК-тен асқан, яғни келер жылы 43,2 миллион теңгеден асатын салық төлеушілерге қатысты болмақ. Егер кәсіпкер табысы осы шекті мөлшерден асса, 5 жұмыс күні ішінде салық өтінішін беруі керек. Егер қандай да бір мәміле шекті мөлшерден асатын болса, оны жасауға дейін өтініш беру қажет және кәсіпкер мәмілені ҚҚС төлеуші ретінде жүргізуге міндетті.

Егер айналым шекті мөлшерден асса, бірақ компания есепке алынбаса, бұл айналымға салық салынуы керек деп есептеледі және кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін. Соның ішінде айыппұл өтініш берілмеген кезеңдегі айналым сомасының 15 пайызын құрауы мүмкін. Сол себепті комитет ҚҚС бойынша дер кезінде есепке тұруға кеңес береді.

Ал шартты есепке алу интернет-саудамен айналысатын немесе қазақстандықтарға электрондық қызметтер көрсететін шетелдік компаниялар үшін қарастырылған. Бұл үшін салық органдары шетелдік салық төлеуші компаниялар тізімін жасайды.

– Шартты тіркеуден өту үшін шетелдік компания салық органына қажетті мәліметі бар растау хатын жібереді. Мұны Қазақстандағы сатып алушыдан алғашқы төлем түскен күннен бастап бір ай ішінде жасау қажет. Деректер өзгерген жағдайда компания салық органын 10 жұмыс күні ішінде хабардар етуге міндетті, - деді Е.Әзімшайық.

Шетелдік компанияны ҚҚС төлеуші ретінде тану күні – сатып алушының алғашқы төлем жасаған күні болып есептеледі.

– Қазіргі уақытта Apple, OpenAI секілді негізгі, үлкен интернет алаңдар тіркеліп, 16 пайыз ставкамен салық төлеп отыр. Сәйкесінше оларға жаңа жылда қайтадан тіркелу міндетті емес. Жаңа Салық кодексі бойынша ешбір жаңа талап қойылмайды. Егер шетелдік компаниялар салығын уақытында төлемесе, қосымша өсімпұлымен бірге төлейді. Біз хабарлама жібергеннен кейін де, салық төлемесе, тіркелмесе, интернет-ресурстарға шектеу қойылып, бұғатталады, - деп толықтырды Е.Әзімшайық.

Бұған дейін ҚҚС бойынша тіркеу талаптарын бұзғандарға қандай шара қолданылатыны хабарланған еді.