ҚҚС бойынша тіркеу талаптарын бұзғандарға қандай шара қолданылады
АСТАНА. KAZINFORM — ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті салықтық тіркеу талаптарының сақталуын бақылау мақсатында мониторинг жүргізбек. Бұл туралы ҚҚС әкімшілендіру басқармасының басшысы Еділ Әзімшайық айтып берді.
Оның айтуынша, Жаңа Салық кодексінде бірқатар өзгеріс қарастырылған, оның ішінде қосылған құн салығын төлеуші ретінде тіркеу есебіне қою тәртібі де өзгереді.
Жаңа тәртіп 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енеді және есепке алудың 3 түрін — ерікті, міндетті, шартты есепке алуды қарастырады.
Бақылау шарасы тек міндетті ҚҚС бойынша есепке қоюға емес, жеке кәсіпкерлерге, жеке тәжірибемен айналысатын тұлғаларға және жекелеген қызмет түрлерін көрсететін салық төлеушілерге де қатысты болады.
– Заңбұзушылық анықталған жағдайда салық төлеушіге хабарлама жіберіледі. Оны 30 жұмыс күні ішінде орындау қажет. Егер хабарлама белгіленген мерзімде орындалмаса, салық төлеушінің банк шоттарында шығыс операциялары тоқтатылады. Бұл шектеу заңбұзушылық жойылған кезде, яғни хабарлама орындалған соң алынып тасталады, – деп түсіндірді Еділ Әзімшайық елордада өткен баспасөз мәслихатында.
Сонымен бірге, салық төлеуші хабарлама мазмұнымен келіскен жағдайда есепке тұрады, ал келіспеген жағдайда – түсіндірме мен растайтын құжаттарды ұсынуы қажет.
Егер түсіндірмеде негіздеме болмаса немесе құжат түрінде расталмаса, салық органдары 20 жұмыс күні ішінде хабарламаның орындалмағаны туралы шешім қабылдайды. Мұндай жағдайда хабарлама орындалмаған деп танылғаннан кейін салықтық тексеру жүргізіледі.
Айта кетейік, 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстанда жаңа Салық кодексі күшіне енеді. Онда ҚҚС бойынша есепке қою шегі 20 000 АЕК-тен 10 000 АЕК-ке дейін екі есе төмендейді. Яғни, қазір жылдық айналымы 78,6 миллион теңгеден асатын компанияларға қолданылатын салықтық режим 2026 жылдың қаңтарынан бастап 43,3 миллион теңгеге дейін төмендейді.
Енді шетелдік онлайн-дүкендер де ҚҚС бойынша шартты есепке қойылып, салық төлейді.