ҚҚС шегін 15 млн теңгеге төмендетуді ұсынамыз – Серік Жұманғарин

Фото: Фото: Ағыбай Аяпберген/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Премьер-министрдің орынбасары - Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин Үкімет отырысында қосылған құн салығын саралап реттеудің басты жаңашылдықтарын таныстырды. 

- Бүгінде кәсіпорындардың тек 4 пайызы ғана қосылған құн салығын төлеп отыр. Көптеген компания салықтан жалтару үшін саналы түрде бизнесін бытыратып тастаған. Бұл салық жүйесін бүлдіріп, ҚҚС-ті қалыпты есептеуге кедергі келтіреді. Сондықтан ҚҚС есебіне алудың ең төменгі шегін 80 млн теңгеден 15 млн теңгеге дейін төмендетуді ұсынамыз, - деді вице-премьер.

Сондай-ақ, ол келешекте салық төлеуден жалтармай, адал жұмыс істеу бизнесті ыдырату шығындарынан төмен болатындай жағдай жасалатынын атап өтті.

- Бұл бизнеске теңгерімді жағдай туындатып, салықтан жалтару схемаларының жолын кеседі, - деген Серік Жұманғарин бұл мәселеде халықаралық тәжірибе басшылыққа алынғанын айтты. 

Еске салсақ, кеше Үкімет ҚҚС-ны саралап енгізудің жаңа шарттарын жариялаған болатын.