Кілемге салынатын ою-өрнекті киімнен көретін болдық – қолөнерші

Фото: Айдана Әлайдарованың жеке архивінен

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM – Қазақтың ою-өрнегін қолдануда көп олқылық кездеседі. Оның түпкі мағынасы қандай екені, қалай дұрыс пайдалануға болатыны туралы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінің аға оқытушысы, педагогика ғылымының магистрі, ҚР мәдениет саласының үздігі, ҚР қолөнершілер одағының мүшесі Айдана Әлайдарова Kazinform тілшісіне берген сұхбатта айтты.

— Қазақтың ою-өрнектері қандай ерекшеліктеріне байланысты неше түрге бөлінеді? Соның ішінде ең жиі қолданылатыны қайсы? 

— Зерттеушілердің пікіріне сүйенсек, ою — ұлттық дүниетанымның негізгі тұжырымдарын өн бойына жинақтаған бірегей бейнелеу өнері. Оны пайдалану барысында сауаттылық қажет. Қазақ оюларының кейбір аспектілері, өрнекте көрініс тапқан ата-бабаларымыздың космогоникалық, астральді, діни және философиялық танымы әлі терең зерттелмеген. Ұлттық ою-өрнек негізінен зооморфтық, өсімдік сипатты, геометриялық, космогоникалық болып бөлінеді. Сонымен қатар әрбір өңір мен рудың ою-өрнегі болған. Бұл адамның кім және қайдан екенін білдіреді. 

Фото: Айдана Әлайдарованың жеке архивінен

Енді ең жиі қолданылатын ою түрлеріне тоқталсам. «Мүйіз» — қазақ оюының ең көне мәнері. Түпкі мәні мүйізді меңзеп тұр. Кейде ұсақ, кейде ірі болып келеді. Ұсақ түрлері ағаш, сүйек, мүйіз сияқты нәзік қолөнер саласында, ірі түрлері сырмақ, текемет, алаша, кілем, сәулет өнерінде сан түрлі мәнерде қолданылады. «Мүйіз» элементтері «аймүйіз», «қосмүйіз», «сыңармүйіз», «сынықмүйіз», «қырықмүйіз», «маралмүйіз», «еркешмүйіз», «қошқармүйіз» болып бөлінеді. Ол үй жиһаздарында (кілем, сырмақ, текемет, алаша, көрпе, түскиіз, шымши), тұрмыстық заттарда (саба, шанаш, күбі, оқшантай, торсық, сандық, тағы басқа), сондай-ақ қару-жарақтарда (қынап, оқшантай, торсық, садақ), киім-кешек, ат әбзелдерінде (ертоқым, айыл) қолданылады. Жалпы бұл элементтің қолданылмайтын жері жоқ десек болады.

— Ою- өрнектің орнымен қолданылуы туралы жиі айтылып жүр. Сонда қандай бұйымға қандай ою таңдау керек? Өзіңіз қандай өрескел қателікті байқап жүрсіз?

— Ою-өрнек — біздің салт-дәстүріміздің, әдет-ғұрыптарымыздың, төл мәдениетіміздің, тарихымыздың, дініміз бен діліміздің, ойлау жүйеміздің, парасат-пайымымыздың, дүниетанымымыздың көрінісі, тәңіршілдіктің тамғасы. Онда адам жарық дүние есігін ашқан күннен бастап одүниелік болғанға дейін жүріп өтетін жолы, тыныс-тіршілігі, аспан және жермен байланысы, өмірінің өзегі, кемелденуі, қоршаған ортамен байланысы, табиғатпен етенелігі, өмір мен өлім, күн мен түн, ер мен әйел, тепе-теңдік суреттеледі.
«Қошқар мүйіз» оюында сағат тілімен және оған қарсы айналып тұрған қозғалысты байқаймыз. Көбіміз одан басқасын біле бермейміз. Шын мәнінде балаларға, ерлер мен әйелдерге арналған оюлар бар. Белден төмен, белден жоғары, бас киімге, камзолға, шапанға салынатын, тіршіліктің тоқтағанын білдіретін түрлері бар. Мысалы, тірі адамға тіршілік белгісін білдіретін өрнектер ғана салынады. Бұлардың барлығын ажырата білуіміз, өз орнымен қолдануымыз керек. Себебі қазіргі күні көптеген оюды қате қолданып жүр. Бас киімге арналғанды етікке немесе керісінше салатын болды. Киіз, сырмақ, текемет пен кілемде салынатын оюларды киімнен кездестіреміз.

Фото: Айдана Әлайдарованың жеке архивінен

— Ою кестеленіп тоқылуы шарт, жапсырылмауы керек көрінеді. Бірақ қазіргі киім-бұйымның басым бөлігіне жапсырылады. Бұл дұрыс емес пе сонда?

— Біз — оюменен ой айтып, сүйгеніне көңілін кестемен жеткізген ұлтпыз. Кестені бізбен және жай инемен әшекейлеп тігу барлық халыққа ортақ өнер болғанымен қазақтың ұлттық кесте өнерінің түрі де көп, әдісі де әр алуан. Біз кесте, шым кесте, әредік кесте, айқас тігу, айқұш-ұйқыш тігу, басып тігу, қайып тігу сияқты тәсілдер байырғы заманнан бері бір жібі де қисаймастан сән-келбетін сақтап келеді.

Қазіргі таңда ою-өрнек киім-бұйымның басым бөлігінде жапсырылып сатылып жатыр. Бұған тігіншілер мән беруі қажет. Ол үшін арнайы тегін курстар, шеберлік сағаттарын өткізіп, мемлекеттен қолдау көрсетілуі керек. Сол кезде ғана жүйелі жұмыс болады. Тігіншілерді де аса сөгуге болмайтын шығар. Олар бала-шағасын асырау үшін кәсіп жасап отыр. Базарда ұлттық киім деп сатылып жатқан шапандар көбіне Қырғыз елінен. Сондықтан кәсіби қолөнершілер, кәсіпкерлер қолөнер мен ою-өрнегіміздің қыр-сырын мамандардан меңгеріп, кәсіп көзін дамытуы тиіс. Қазіргі күні көп уақыт жоғалтпау және қолжетімді бағада сату үшін киім-бұйымның басым бөлігіне жапсырма жапсыратын болды. Десек те әрбір оюдың тарихы, салыну заңдылығын, сипаттық, түстік ерекшеліктерін білуге тиіспіз.

Фото: Айдана Әлайдарованың жеке архивінен

— Өзіңіз ою-өрнектің көбіне қандай түрін пайдаланасыз?

— Мен негізінен зерттеуші мамандардың кітаптарына сүйенемін. Оның ішінде археолог, тарихшы Әлкей Марғұлан, педагог, этнограф Садық Қасыманов, суретші, дизайнер Ерлан Қожабаев, этнограф, жазушы Ералы Оспанұлының еңбектерінен қазақ ою-өрнектерінің тарихы мен классификациясы туралы көптеген мәлімет табуға болады. Қазақтың ықылым заманғы тарихы, жүріп өткен жолы осы ою-өрнекте жасырынған. Оның әр элементі, өрнек-нақышы ерте замандардағы тәңірлік діннен бастау алып, киелі заттар мен ұғымдарды, ұлттық ерекшеліктерді бедерлеп, бейнелеп тұрады.

Фото: Айдана Әлайдарованың жеке архивінен
Фото: Айдана Әлайдарованың жеке архивінен

Айта кетейік, бұған дейін Түркістан қаласы «World Craft Council» халықаралық ұйымының шешімімен және Дүниежүзілік қолөнер Кеңесінің келісімімен «Қолөнершілер қаласы» мәртебесін иеленді.